Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Мектеп бітіру кештері тек оқу орнының аумағында өтуі керек

AstanaTV
15.04.2019ж. 20:00
3928
Мектеп бітіру кештері тек оқу орнының аумағында өтуі керек

Мектеп бітіру кештері тек оқу орнының аумағында өтуі керек. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Білім және ғылым министрі осылай деді. Күләш Шәмшидинованың айтуынша, түлектер кеші бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп қабырғасында өтсе, мұғалім мен оқушы әңгімелесе алады. Ал қазір бұл мереке бәсекеге айналып кеткен. Қымбат көйлектер мен дастарханның ешкімге керегі жоқ, деді ол. 

Күләш ШӘМШИДИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Кештер біздің ата-аналарымыз өткізген форматта өтуі керек. Сонда ол нағыз мектеппен қоштасу болады. Ал ең бастысы, ата-аналар мен мектеп балалардың қауіпсіздігіне назар аударуы қажет. Сондықтан түлектер кешінің мектеп аумағында ұйымдастырылғаны жөн.

Сондай-ақ, министр бюджеттік қызметкерлердің жалақасын көтеруге бөлінетін қаражаттың 75 пайызы білім саласына берілетінін айтты. Осылайша маусымның бірінен бастап үш санаттағы қызметкерлердің табысы артады. Біріншісі - еңбек өтілін жаңа бастаған мамандар, колледж мұғалімдері, психолгтар, әлеуметтанушылар, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері. Сондай-ақ, қосымша білім беру жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің айлығы көбейеді.

Күләш ШӘМШИДИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

Екінші мәселе - қосымша персонал, көмекші персонал дейміз. Яғнибұлар - балабақшаның қатардағы қызметкерлері, еден сыпырушылар, күзетшілер, отжағушылар, сантехниктер, электриктер. Үшіншісі - басқару персоналдар. Бұлар, әрине, мектептің директорлары, директорлардың орынбасарлары, балабақшалардың басшылары.

Бұдан бөлек, Күләш Шәмшидинова 2021 жылға дейін 190 мектеп салу жоспарланып отыр деді. Бұл - үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептердің проблемасын шешуге бағытталған. Сондай-ақ, орын жетіспеушілікті жоюға мүмкіндік береді.

Д. Қайыртай