Өгей шешеден қорлық көрді деген үш қыздың туған анасы перзенттерін қайтарғысы келеді. 35 жастағы келіншек бүгін тілшілерге сұқбат берді. Әйел балаларынан неге безінген ? Тілшіміз Айзада Төрбекқызы тарқатады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қыздардың анасы сұқбат беруге келіскенмен, бет-жүзін көрсетуге қарсы болды. Күйеуінен көрген қорлықтан отбасын тастап кеткенін айтады.
Ол балаларын 2 жылдан бері көрмеген. Перзенттерімен кездесуге күйеуі мүлдем тиым салған көрінеді.
БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫ:
Бір - екі мәрте мектепке барғам, мектепке барғанымды біліп қойып «атып тастаймын. Үрім - бұтағыңмен жоқ қылып жіберемін, жолама, жоғарыда жамағаттар бар, браттар бар, бүкіл сақалдыларды жинап, поляға апарып маңдайыңнан атып тастаймын. Қыздар саған да жоқ, маған да жоқ.
Келіншек 2002 жылы шаңырақ көтергендерін айтады. Бірақ, 10 жылдан соң ажырасыпты. Екінші қайтара тұрмыс құрмаған. Мейрамханалардың бірінде еден жуып күн көреді. Қазіргі бар ойы - қайткен күнде қыздарымен қауышу. Тек оған балаларының келісе қоятынына сенімсіз. Ал, қыздардың әкесі мұның бәрі өзіне жабылған жала, перзенттерін аналары әу-баста өзі тастап кетті дегеннен танбай отыр.
Нұрмұхамед ҚОЙЫМБЕТОВ, БАЛАЛАРДЫҢ ӘКЕСІ:
Мен оны ұрмағам, мен оны соқпағам. Мен ешқандай сәләфизм, вахавизм емеспін мен ешқандайда. Жалған ақпарат мұның бәрі.
Ал, бүгін жәбір көрген қыздар арнайы сараптамадан өтіпті. Оның қорытындысы әзірге дайын емес. Айта кетейік, апалы -сіңілілі 3 қызды қорлап келген өгей шеше сот шешімімен екі айға үй қамаққа алынған.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Білім және ғылым министрлігі өкілдері балаларға қатысты зорлық-зомбылықтар уақытылы анықтауға жеткіліксіз жұмыс істеген бірқатар азаматқа тәртіптік жаза қолданбақ. Қазір министрдің кеңесшісі Раиса Шер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Түркістан облысында жүр. Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиғаның мән-жайын ертең 20:00-де «Біздің уақыт» апталық сараптамалық бағдарламасында тарқатып айтамын.
А. Төребекқызы