Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

ШҚО-да дәрігерлерді аттестациялау нәтижесі қайта қаралуы мүмкін

AstanaTV
30.10.2017ж. 20:00
2532
ШҚО-да дәрігерлерді аттестациялау нәтижесі қайта қаралуы мүмкін

Шығыс Қазақстанда дәрігерлерді аттестациялаудың нәтижесі қайта қаралуы мүмкін. Бұл мәселе жемқорлыққа қатысты шудан кейін көтеріліп отыр. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері осылай деп мәлімдеді. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мәліметінше, денсаулық сақтауды дамыту орталығының сарапшысы аттестация нәтижесін жақсартып көрсету үшін медицина қызметкерлерінен жүйелі түрде ақша жинаған.

Параның көлемі 100 бен 250 мың теңге аралығында. Өңірде 15 мың медицина қызметкері бар, заңсыз табыс көлемі млрд-тарға жетуі мүмкін, - дейді Ұлттық бюро өкілдері. Мамандардың айтуынша, аттестациялау үрдісі талай сынға ұшыраған, тек мұның басқа тәсілі әзірге болмай тұр. Дәрігерлер әр 5 жыл сайын аттестациядан өтеді. 

Марат Шоранов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бұл сұрақпен денсаулық сақтау басқармасы емес, білім және дағдыларды бағалау орталығы айналысады. Сондықтан олар тест қорытындыларын қайта қарап, тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қажет болса, біз өз тарапымыздан дәрігерлердің біліктілігін дәлелдеуі үшін тиісті шараларды қолданамыз. Тергеу тобымен бірге жұмыс істеуге дайынбыз.

Облыста соңғы екі жылда 5 жарым мыңдай қызметкер аттестациядан өткен. Олардың қаншасының емтиханды қайта тапсыратыны белгісіз. Ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбай отыр. Ал орталықтың сарапшысы лауазымды тұлға немесе мемлекеттік қызметкер болмағандықтан, жауапқа тарту мүмкін емес. Жазасы оның жұмыстан қуылуымен шектелген.