$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Qoldau электронды жүйесі қолдай алмай тұр...

AstanaTV
20.04.2019ж. 20:00
4982
Qoldau электронды жүйесі қолдай алмай тұр...

«Бесқонаққа» көктемгі дала жұмыстары қарай ма? Алайда мәселесі көп шаруаларда тағы бір мәселе шығып тұр. Биылдан бастап ауыл шаруашылығында субсудия алу ережесі өзгерген. Qoldau электронды жүйесі арқылы берілген өтінім ғана қабылданады. Иә, мақсат керемет – процесті оңайлатып, өтінімді тезірек қарау. Керегі интернет ғана. Бірақ сол проблема болып шықты. Тек Шығыс Қазақстан облысында елу ауылда интернет жоқ, не үзік-жұлық істейді.     

 Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ, «ШАЛАБАЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Интернет жоқ жерде бұл бағдарламаны қалай жүктейміз? Қолжетімді қылмай өтінім беру мүмкін бе?

Ауыл адамдары әрине, электронды ақпараттық жүйелермен таныс. Жер кадастры, ауыл шаруашылығы техникасына қатысты сияқты порталдар бар. Ал Qoldau арқылы субсидия алу үшін жер телімі мен малдан бастап, қолданыстағы барлық затқа дайындалған құжаттарды электронды базаға енгізу керек. Міне сол сәтте Qoldau –ң өзі кібіртіктеп қалып жатыр. Ал көктемнің бір күні жылға азық. Сондықтан шаруалар осы көктемде субсидияны бұрынғыша бере беруді талап еткен.

Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ, «ШАЛАБАЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз бұл бағдарламаны қарап отырып соңына дейін дұрыс жасалмағанын ұқтық. Нақ субсидия алатын кезде көптеген адам құжаттарын тапсыра алмай отыр. Бағдарлама тоқтап қала береді. Осы жақында ғана аналық бас бойынша субсидияны бұрынғы бағдарлама бойынша беру шешілді-ау, әйтеуір.

Мұндай бағдарламаның керек екенін шаруалар біледі. Өйткені бюрократияны, коррупцияны ауыздықтауға сеп. Қағаз құшақтап қалаға жүгірмейсің. Алайда Qoldau.kz. қолдай жөнелмеді.

Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ, «ШАЛАБАЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:  

Бағдарлама керек, жақсы. Адамдар үйренеді. Себебі ыңғайлы. Ең бастысы, жемқорлық әрекеттерін тыяр еді. Алайда қазір шикі болып тұр.

Әділет ТӨЛЕУТАЕВ, ШҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Сайтымызда жаңа жүйемен жұмыс істеуді көрсететін бейнероликтер бар. Екіншіден, сауал қойып жатқандарды біз шақырып кеңес береміз. Аудандарға шығып түсіндіреміз. Проблема бар.

Шаруалар субсидиясыз күн көре алмайды. Qoldau электронды ақпаратты жүйесін, ең бастысы интернет бар ма, жоқ па, соны анықтап, былтыр күздің соңынан енгізіп, түсіндіре бергенде мұндай дүрбелең тумас па еді.