Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Шри-Ланкадағы жарылыстан қаза тапқандардың саны 300-ге жуықтады

Шри-Ланкадағы жарылыстан қаза тапқандардың саны 300-ге жуықтады

Шри-Ланкада жеті адам өзін-өзі жарып жіберіп, жарылыс жасаған. Оқиға орнынан табылған адам денелерін тексерген полицейлер осылай мәлімдеді. Бүгінде жарылыстан опат болғандар саны 300-ге жуықтады. 500-дей адам жараланып, Коломбо, Негомбо мен Баттикалоа қалаларының ауруханалары жаралыларға лық толған, деп хабарлайды «Рейтерс» агенттігі. Қазір жаралылар мен қаза тапқандардың кім екендігін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Елде комендант сағаты жарияланып, тәртіп сақшылары шабуылға қатысы бар деген күдікпен 13 адамды ұстапты. Айта кетелік, жарылғыш заттар осы елдегі үш отель мен тұрғын үй кешендерінде орнатылған. Полиция дерегінше, лаңкестер христиандар дініндегілерді құртуды көздепті. Ал жергілікті туристік қауымдастық өкілдері 35 шетелдік туристің бақилық болғанын айтады. Олардың ішінде Қытай, АҚШ, Британия мен Бельгия азаматтары бар. 

Амаль ДЖАЙАКОДИ:  

Біз балдызымыз бен оның қызын жоғалтып алдық. Телефондарын көтермей жатыр. Олар Негомбодағы шіркеуге кеткен еді. Бірақ бізді онда жібермей жатыр. Мұндай сұмдықтың елімізде болғанына сене алар емеспіз.

Мемлекет басшылары да жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып жатыр. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Терроризмде шекара жоқ» екендігіне тоқталып, «Әлемдік қоғамдастық террорға қарсы күш-жігерін біріктіруі керектігін», - мәлімдеді. 

Е. Карин