Мәртебелі мейман Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктен бөлек, тарихи тамыры сабақтас екенін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағының басын қосып отырған Мажар Қыпшақтарының одағына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметті Лидері болып сайлануы - біздің достық және тығыз қатынастарымыздың айқын айғағы. Бұл өзара байланыстардың дамуына орасан зор үлес қосқан Елбасының ерен еңбегінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді.
Өз кезегінде Венгр премьер министрі алдағы сайлау науқанына сәттілік тіледі. Саяси өзгерістер ел тұрақтылығын күшейтеді деді ол. Ауыл шаруашылығына қомақты инвестиция бөліп жатқан мажар мемлекеті Қазақстанда үлкен сүт зауытын салмақ. 29 сәуірде Елордада Венгрия үкімет басшысының орынбасары мен 100-ден аса делегат қатысатын бизнес форум өтеді.
Виктор ОРБАН, ВЕНГРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз Астанада халықаралық қаржы орталығының құрылуына белсенді қатыстық. Қазақ-венгр инвестициялық қорын құрдық. Ол өзінің нәтижесін беріп, ауыл шаруашылығы саласында үлкен жобаны жүзеге асырдық. Бізде оқитын қазақ жастары өзара достықтың кепілі.
Жыл сайын Венгрияның ЖОО-ы қазақ студенттерге 250 грант бөледі. 110-ы бакалавриат, 90-ы магистратура, 30-ы докторантура. Мажар халқы деп аталатын венгрлермен қанымыз жақын деудің жаны бар. 13 ғасырдың басында моңғолдармен соғыстан жеңілген қыпшақтар Венгрия жеріне тұрақтап, жергілікті халыққа сіңісіп кеткен. Өздерін қыпшақтан тарадық деп есептейтін елмен арадағы тығыз қатынастың бір тамыры осыда жатыр.
Оразақ СМАҒҰЛОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ ФИЗИКАЛЫҚ АНТРОПОЛОГИЯ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Мадиярлар мен қазақтың арасындағы тарихи жақындық ғылымда дәлелденген. Біріншіден тіл жағынан, әдебиет жағынан, сосын мынау морфологиялық, физиологиялық, генетика жағынан да бүгінгі мадияр мен қазақ арасындағы жақындық жойылып кетпеген.
А. Сейфулла