Негізгі / Жаңалықтар / «Ауыл» партиясының атынан Президенттік сайлауға Т. Рақымбеков түседі

«Ауыл» партиясының атынан Президенттік сайлауға Т. Рақымбеков түседі

«Ауыл» партиясының атынан Президенттік сайлауға Төлеутай Рақымбеков түседі. Бүгін партияның кезектен тыс XV съезі өтті. Үміткердің кандидатурасын делегаттар бір ауыздан қолдады. Төлеутай Рақымбеков - белгілі ғалым, түрлі жылдары ауыл шаруашылығы вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Кандидат туралы толығырақ Абай Сейфуллаұлы.  

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ:  

Главный мотив выступать в социальных сетях, в прессе, на телевидение это принцип честности.

Төлеутай Рақымбеков әлеуметтік желіде белсенді азамат. Кандидатты таңдаған партия өкілдері «блогерлігін» атап өтті. Қазір «Ұлттық агргарлық ғылыми білім беру орталығын» басқарады. Ол 1964 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында туған. Қазақ ауылшаруашылығы институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі де болған. Жоғары оқу орындарында сабақ берген.   

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ, «ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМИ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ, «АУЫЛ» ХДПП МҮШЕСІ:  

Мен он жылдай бизнесте істедім. Мемлекеттік қызметте жаңа айтқандай бәрін қосқанда он жылға жуық. Өндірісте, кеншілер қаласы Сәтпаев қаласы әкімінің орынбасары болып істедім. Ол қалада мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және архитектура, жер қатынастары сұрақтарына жауапты болдым.

«Ауыл» партиясы өкілдері өз арасынан кандидат ұсынарда бірнеше үміткер болыпты. Оның ішінде партия төрағасы, депутат Әли Бектаев та бар. Әйел үміткерді де ұсыну қаралған. Президенттік сайлауға алғаш қатысқалы отырған партия науқанға дайындығымыз жоғары дейді. Парламентке өтуге де үмітті.  

Әли БЕКТАЕВ, «АУЫЛ» ХДПП ТӨРАҒАСЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Бұл жерде бұл сайлау деген өте бір күрделі мәселе. Адамға байқалмайтын тұстары өте көп. Сондықтан кандидат барлық жағынан соған дайын болуы керек. Ол ғалым болу керек, ол сөйлей алуы керек. Ол өндірісті білу керек. Ол халыққа танымал болуы керек. Одан кейін қазіргі талаптарға сәйкес әлеуметтік желілерде жұмыс жасай алуы керек. Осының бәрін ескере отырып, біз осы кандидатқа тоқтадық.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:  

Осылайша 300 мыңнан астам мүшесі бар «Ауыл» партиясы да өз таңдауын жасады. Партияның негізгі ұстанымы - ауылдарды көркейту. Қазір елімізде 6569 ауыл бар. Тағы да еске салайық, сайлауалды үгіт-насихат 11 мамыр кешке басталады. Ал сайлау күні - 9 маусым.

А. Сейфулла