Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Байқамай қалдым». Жедел жәрдем көлігіне жол бермеу

AstanaTV
27.04.2019ж. 20:00
4188
«Байқамай қалдым». Жедел жәрдем көлігіне жол бермеу

Қоғамның бір әдеті – жедел жәрдем көліктеріне жол бермеу. Әдейі қырсығып. Үйдің ауласында тұрған көлік шопырына «жолдан кет» деп бажылдау. Жедел жәрдемге кез-келген сәтте кез-келген адам зәру болуы мүмкін екенін біледі. Тіпті өмір мен өлім арпалысатын күйде болуы мүмкін екенін біледі. Біледі? Павлодардан Өзгеріс Қуанардың репортажы.   

Ирина МИЩЕНКО, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кейде бірінші дәрежелі, шұғыл қоңырау түседі. Бұл дегеніңіз-науқастың есінен танып қалуы, жүрек соғысының тоқтауы, дем жетпеу, қан кету сынды жағдайлар. Өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан сәтте бізге тез арада ауруханаға бару керек. Бірақ қала көшелерінде кептеліс, ал жүргізушілер жол бермейді.

Бұндай сәтте жедел жәрдем көлігі тұрғын үйлердің ауласымен жүруге мәжбүр. Өйткені науқастың өмірін сақтап қалу аса маңызды. Сондықтан жедел жәрдем бригадасы осындай тәуекелге барады. Ал бұл тәуекел қала тұрғындарына ұнаймайды екен. Олар 103 қызметіне жиі қоңырау шалып, үй аулаларымен өтпеуін сұрайды. Бірақ біз тұрғындарға түсіністікпен қарауларын өтінеміз– дейді, дәрігерлер.

Ирина МИЩЕНКО, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кейде жүргізушілер үй алдында тұрған жедел жәрдем шопырынан жолдан кетуін талап етеді. Біздің жүргізушілер автокөлік иелеріне жоғары қабаттан ауыр жағдайдағы науқасты күтіп тұрғанын айтса да, түсінбейтіндер бар.

Жедел медициналық жәрдем стансасында 70 бригада бар. Соңғы уақытта жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері де халықаралық стандарттарға сәйкес, арнайы курстардан өткен. Керек жағдайда науқасқа олар да алғашқы медициналық көмек көрсетуге құқылы. Қазіргі таңда аймақтың «103» қызметінде 107 темір тұлпар бар.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

2017 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша жедел жәрдем бригадасы дабыл белгілерін қосып жүруге міндетті. Бұл науқастың қандай дәрежеде екендігіне байланысты емес. Сондықтан «103» қызметіндегілер тәуліктің қай уақыты болмасын шақыруға жылдам жетуі керек.

Жаңа ереже жедел жәрдемнің шақырған жерге жету уақытын қысқартты. Бұрындары қала ішінде 15 минутта жетсе, енді науқас жанынан 8 минутта табылады. Ал үлкен тас жолдарда 14-15 минут кетеді. Десе де, сол проблема қалып тұр - темір тұлпар тізгіндегендердің барлығы бірдей жол бере бермейді.

Назымгүл АРЫНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:

Жол үстінде келе жатқан кезде көлік жүргізушілер бізге жедел жәрдем машинасына, көліктеріне мән бермейді, жол бермейді. Сосын небір жаман сөздер айтып бізге, небір жаман қылықтарды көрсетеді.

Назымгүл Арынованың фельдшер болып жұмыс істегеніне 25 жыл. Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында небір оқиға болғанын айтады. Тіпті, жоғары қабаттан үстіне түрлі-түсті бояуларды құйып жіберген кездер де болыпты. Бұдан бөлек, науқастың туыстарынан балағат сөздер де естіген. Ал кейбір тұрғын шақыруға ер адам барып қалса, әйелін тексертуден бас тартады екен.

Назымгүл АРЫНОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ:

Маған сіз өзіңіз қараңыз. Кардиограмманы өзіңіз түсіріңіз деп енді. Мысалы, дәрігер ретінде мен оны қарап, сіз шығыңыз, ана дәрігер қарасын деген уақыттар болды. Енді ондай уақыттар болғанда біз енді ол кісінің айтқан сөзін орындаймыз. Өйткені бізге уақыт керек. Ана кісіге тезірек көмек керек. Сондықтан көмекшіме ақырын айтам. Ренжімесең шық, мен өзім қарайын деп.

Жедел жәрдем дабыл белгісін қосып шақыруға шығады...

Осы айтқанның барлығын көзбен көру үшін жолға шықтық. Бұл жолы дәрігерлермен бірге жол сақшылары да жедел жәрдем көлігіне отырды. Алғашқы бұрылыстан-ақ, дабыл белгісін елемейтін темір тұлпар өте шықты.

- Причина остановки Вам ясна?

- Я понял, да.

- За то, что не предоставили преимущество транспортному средству, которое идёт с проблесковыми маячками, а именно в нашем случае это будет бригада скорой помощи.

Нысанаға іліккен бірінші көлік жүргізушісі қатесін бірден мойындап, ақталуға тырысты.

Көлік жүргізушісі:

Мен әдетте жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберетінмін. Бұл жолы байқамай қалдым. Бұрылып қарағаным сол еді, көлік келіп қойыпты. Үлгермедім.

Ал «Газель» маркалы жүк көлігінің жедел жәрдемге жол бергісі жоқ. Керісінше, алдын кесе көлденең тұрып алды. Онысымен қоймай, кінәсін мойындағысы жоқ.

-Вы выехали перед скорой в левый левый ряд прям перед скорой вы выехали. Вы должны были в правом ряду так и остаться.

- А там джип шёл. Покажите мне видео.

Бейнетүсірілімді көргеннен кейін ғана сабасына түскен жүргізушіге тәртіп сақшылары 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

Жол бермеуді әдетке айналдырған көлік иелері бұнымен толастаған жоқ. Жедел жәрдемді көріп тұрған қоғамдық көлік жүргізушісі де дабыл белгісін елемей зу ете қалды.

Көлік жүргізушісі:

Көрдім, ол мигалкасын жақты. Притормозился. Уже жол жабық тұр, дорогу закрыл. Ол мені пропустил наборот. Өтіп кетсін дегендей скоростпен келе жатқан соң.

2 күндік рейд нәтижесінде 15 жүргізуші 25 мың 250 теңгеден айыппұл арқалады.

Серік ЖҰМАЛИЕВ, ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Бірінші күннің қорытындысы бойынша 10 жүргізушіге шара қолданылды. Оларға арнайы қызметтік көлікке жол бермегені үшін хаттама толтырдық. Ал екінші күні 5 материал дайындалды. ҚР әкімшілік заңнамасын бұзу фактісі бойынша жүргізушілердің әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

 Дегенмен біз сауал қойған көлік жүргізушілері жедел жәрдемді көргенде бірден жол беретіндерін айтады. Тек бір өтініші ғана бар екен.

Көлік жүргізушілері:

-Негізі күн бұрын қосып отырса, оларға да жақсы, бізге де жақсы. Алыстан қосса, дайындаласың ғой. Кейбіреуі сол моментте қосады. Ол негізі қате деп ойлаймын.

-Енді асығып бара жатыр ғой біреуге көмек беруге. Жайдан жай қыдырып жүрген жоқ ғой. Біреуге көмек, жәрдем берем деп бара жатқан нәрсе.

-Ол асығып барады. Бала ма, біреу ауырып жатқан шығар. Сол үшін жол береміз.

Көпшілігі жедел жәрдемге жол беру әр адамның санасына байланысты екенін айтты. Себебі кез келген адам кез келген сәтте жедел жәрдемнің көмегіне зәру болуы мүмкін. Сондықтан жол беру - өзіңе көрсеткен құрметпен бірдей дейді, саналы көлік жүргізушілері.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 600-ден аса шақыру түседі. Сондықтан дәрігерлер аталған рейдтердің «жүргізушілер мәдениетін» қалыптастыруға септігін тигізеріне сенімді. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері өрт сөндіру көліктерімен де арнайы рейд жұмыстарын жүргізбек. Бұл қоғамның назарын бір сәтке болса да, адам өміріне бей-жай қарамауға шақырары анық – дейді мамандар.

Өзгеріс Қуанар, Нұрлан Әлмұхамбет «Біздің уақыт»