Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде жүз отыздан астам зауыт жұмысшысы үш жылдан бері жалақы ала алмай отыр

AstanaTV
02.05.2019ж. 20:00
3799
Ақтөбеде жүз отыздан астам зауыт жұмысшысы үш жылдан бері жалақы ала алмай отыр

Ақтөбенің бейметалл құбырлар шығаратын зауыты жүз отыздан астам жұмысшыға үш жылдан бері жалақы төлемеген. Зауыттың жұмысшыларға қарызы бүгінде 63 миллионға дейін жетіпті. Тығырықтан шыға алмаған зауыт банкрот болып, аукционда саудаланып жатыр. Енді жұмысшылар жалақысы қашан қайтарылады? Бақыт Рақметова анықтап көрді.  

Бейметалл құбырлар шығаратын зауыттың жұмысшылары кезекті мәрте әкімдік алдына жиналды. Олар жалақыларын даулағандарына үш жылдың жүзі болған. Зауыт әр адамға бес жүз мың теңгеден бір жарым миллион теңгеге дейін қарыз деп отыр.

Оралбай ЕЛУБАЙ:  

Қанша жұмысшы бар еңбек ақысын ала алмай жүр. Қанша отбасы күйзеліп жүр. Еңбекақысын ала алмай, араққа салынып кеткенде жігіттер бар. Ауырып құлап жатқанда жігіттер бар. Бір-екі жігіт қайтыс та болып кетті. Күнкөріс деген ақша емес пе? Қалада бір-екі ай айлық алмасыншы халық қайда барады, не істейді?

Ысқақ ӘЛЖАН: 

Ақшамызды ала алмай жүрміз неше жылдан бері. Басымызда кредитіміз бар. Жүрміз сол ақшамызды ала алмай төрт жылдан бері.

Жұмысшылар еңбекақысын өңдіріп алмақ болып сотқа да жүгініпті. Олар оң шешім шығарып бергенімен, зауыт сот шешімін орындауға қауқарсыз болып отыр. Зауыт есігі бүгінде тарс жабылған. Ал, оның басшылығы тілшілермен кездесуге құлықсыз. Қазіргі күні кәсіпорын мүлкі жергілікті әкімдік арқылы бағаланып, аукционға саудаға шығарылған. Алғашқы құны 1 миллиард 400 мың теңгені құрады. Бірақ бірінші сатылымда өтпегендіктен, 20 пайызға арзандатылып, мамыр айында қайта сатылымға шығарылмақ.  

Қайрат БЕКЕНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бұл арнайы электрондық сатылу болады. Бұған байланысты барлық мекемелер қатысуға мүмкіндігі бар. Мүліктің оценкасы жасалған. Біздің есебіміз бойынша сатылуға 63 млн теңгені жабуға толығымен мүмкіндігі бар. Тек қана заңның аясында барлығы сақталып, қадағалау керек. Бұл мәселе облыс әкімінің тікелей қадағалауында.

2005 жылы дүркіреп ашылған бұл зауыт өнімін Ресей мен Өзбекстанға тасымалдаған еді. Кейін талшықты пластикалық құбырларға сұраныс азайып, 2016 жылдан бастап өндіріс әлсіреген. 2017 жылы зауыттың штаты қысқара бастады. Ал, 2018 жылы толықтай жабылып, банкрот болған.  

Бақыт РАҚМЕТОВА, ТІЛШІ:

Айта кетейік, облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде әкімдікке түсетін арыз-шағымның сексен пайызы еңбекақының дұрыс төленбеуімен байланысты екен. Қазіргі күні облыста тағы 4 ірі кәсіпорын жұмысын тоқтатып, жұмысшыларына сегіз миллион теңгеден астам қарыз. Ал, өткен жылы осындай борышкер мекемелерден 400 миллион теңге өндірілген.

Б. Рақметова