Негізгі / Жаңалықтар / Жаңа «Пакш-2» АЭС 2032 жылы жұмысын бастауы мүмкін-Венгрияның вице-Премьері

Жаңа «Пакш-2» АЭС 2032 жылы жұмысын бастауы мүмкін-Венгрияның вице-Премьері

Венгрия жаңа «Пакш-2» атом электрстанциясын 2032 жылы пайдалануға бермек. «Астана» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген Венгрия вице-Премьері Михай Варга осылай деп мәлімдеді. Әрі Ресейдің энергетика нарығымен тығыз байланыста екенін де жеткізді. «Пакш» станциясын ұлғайту үшін «Росатоммен» жасаған келіссөзді-«елді энергиямен жабдықтаудағы қауіпсіз шешім» деп атады. Тараптар 2014 жылы келісімшарт жасасқанмен, құрылысты кейінге шегерген. Енді жобаны зерттеген ЕуроКомиссия АЭС-ті үлкейтуге келісім берді.  

Михай ВАРГА, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Біз елдегі арзан энергияны үнемдеп, оның көздерін әртараптандыруымыз қажет. «Росатоммен» келісімшарт - Венгрияны электрмен жабдықтаудың қауіпсіз шешімі. Өйткені бұл станциялар ел ішінде және шетелде жұмыс істейді. Сол үшін екі жаңа энергоблокты салу туралы келісімшарт жасадық. 80 пайызын Ресей қаржыландырады: ең көп дегенде 10 млрд еуро, ал қалған 20% Венгрияның өз қаражаты есебінен. Еуропалық Комиссия қосымша блоктың қажеттілігін ескерді. Қазір біз бастапқы кезеңде тұрмыз. 2032 жылы жаңа станция жұмыс істей бастауы мүмкін.

Венгрия делегациясы Қазақстанға 2 күндік сапармен келіп кетті. Тараптар су ресурсын басқару саласында онға жуық келісімшартқа қол қойды. Михай Варга екі жақты сауда-саттықтың да қарқынды өскенін атап өтті. Соңғы 3 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 600 миллион доллардан асқан.  

Михай ВАРГА, ВЕНГРИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Екі ел су ресурстары, денсаулық сақтау, өндіріс, энергиямен жабдықтау саласында әріптестік байланыста. Қазір Қазақстандағы Венгрия инвестициясының негізі - отандық мұнай-газ компаниясы. Ел экономикасына 200 млн доллардан аса инвестиция құйды. Екі ел астанасынан қатынайтын тікелей әуе рейсі де бар. 2017 жылдан бастап 50 мыңнан астам жолаушы Венгрия лоукостерінің қызметін пайдаланған.

А. Бектас