Спорт Қазақстан
$449.3 €489.69 ₽4.89
×

Ақтөбе облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейді

AstanaTV
08.05.2019ж. 20:00
5120
Ақтөбе облысындағы жолдардың сапасы сын көтермейді

Ақтөбедегі жолдардың 80 пайызы тозған. Тең жартысы сын көтермейді. Екі-үш жыл бұрын жөнделген жолдардың өзі қазір шұрық тесікке айналған. Жағдайдың ушыққаны сонша, Облыс әкімі Ондасын Оразалин осы аптада жолға жауапты шенеуніктерді қызметтен қуды. 

-Жолдың жайын көлік тізгіндеген жүргізушілер жақсы біледі. Қаланың орталық көшелерінің өзінде тас жолдың сау тамтығы жоқ. Көктемгі қар суымен бірге жаңа салынған асфальт те ериді дейді. 

- Жолға көңілім толмайды. Жол тесік-тесік, құрақ- құрақ. Машинаның ходовкасынан ходовка қалмады. Апта сайын ауыстырасын. Дөңгелектен дөңгелек қалмады. Кілең яма, шұңқыр қала деп айта алмайсың. 

- Жыл сайын ғой. Не деген масқара жолды брусчаткамен бітей ма? Қалада машина айдап жүрміз ғой. Брусчаткамен бітеп жатыр. Өзім Жилгородок жақта тұрамын. Жолымызды брусчаткамен бітеп тастаған. 

- Жолды бітірді ғой. Әсіресе «Ақтөбе-Қандыағаштың» жолын айтсаңызшы. Масқара жол деген. Адам бір шаршайды. Техника екі шаршайды.  

Биыл облыстағы 5 аумақтың жолын жөндеу жоспарланған. Бұл шамамен 500 шақарым жол. Осы мақсатқа 17 миллард теңге қаражатта бөлінген. Өңірде жол жөндеумен айналысатын 12 мердігер мекеме бар. Бірақ олардың өз проблемасы аз емес екен.  

Виктор ДРАЩ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ БАСШЫСЫ: 

Біздегі бір жаман нәрсе бір жыл ішінде істелетін нысанның жұмысы екі жылға тіпті үш жылға созылады. Өйткені қаржыландыру жеткіліксіз. Біз оңтүстік айналма жолды бес жыл істедік. Біздің мүмкіндіктермен екі жылда бітіруге де болар еді.

Мәселені шешуге қаржы қолбайлау болып отырғанын әкімдік өкілдері де айтты. Олардың дерегінше, бүгінгі күні аймақтағы жолдардың 56 пайызы ал қала көшелеріндегі жолдың 80 пайызы тозып тұр.  

Нұркен АСПЕНОВ, АҚТӨБЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жолды жөндеуді талап етіп отырған 560 шақырым. Сондықтан жолдың жөндеу қарқынымен жолдың бұзылу қарқыны бір-бірінен қалып қойып тұр ғой. Сондықтан 680 шақырымның 560 жөнделуі үшін жыл сайын жоқ дегенде 100-150-200 шақырымға дейін жол істелу керек. Қаржы бөліну керек. Барлығы қаржы тапшылығынан бәрі.

Білікті мамандар да жетіспейді. Осы аптада тас жолдардың сапасына жауапты бірнеше шенеунік қызметтен қуылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болған Аязбай Османғалиев, облыс әкімінің құрылыс саласына жетекшілік еткен орынбасары Серік Төленбергенов те кетті. Ал қала әкімінің орынбасары Ыбрайым Көзбаевқа екі апта мұрсат берілді.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Шенеуніктердің облыс әкімінен сөгіс естіп, енді бірінің жұмыстан қуылуына әлеуметтік желідегі арыз-шағымдар себеп болған. Қала әкімі Ілияс Испановқа және аман қалған өзге шенділерге де тырығырықтан жол табуға уақыт берілді.

Б. Рахметова