Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шымкенттің сот төрағалары таксимен қатынап жүр

AstanaTV
13.05.2019ж. 20:00
3994
Шымкенттің сот төрағалары таксимен қатынап жүр

Шымкентте сот төрағалары ақша үнемдеу үшін қызметтік көліктерін таксиге алмастырды. Бюджет шығынын азайту мақсатындағы бұл бастаманың тиімді тұсы қайсы? Жалдамалы көлікті қанша төраға қолдана алады? Сот төрағаларымен тілдескен әріптесім Айзада Төребекқызының бейнематериалы.  

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазиннің түскі үзіліске шыққан беті бұл. Үйіне жету үшін таксиді алдын ала тапсырыспен шақыртып қойған. Фемида өкілінің айтуынша жалдамалы таксидің тиімділігі басым. Жанармай шығынын есептемейтін болған соң қағазбастылықтан арылып, уақытпен санаса бастадық деді төраға.  

Ербол ЖАНҒАЗИН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Такси компаниясы болғандықтан бұлар уақытында келеді, айтқан уақытында келеді. Екіншіден, маған ыңғайлы болатын себебі сені көп уақыт сенің жүргізушің күтіп отырмайды. Бір уақытына шақырасың. Такси шақырған бізді де тәртіпке шақырады.

Шымкентте такси қызметін әзірге 13 сот төрағасы пайдаланып жүр. Олар белгілі бір таксопаркпен жұмыс істеу қауіпсіздік жағынан да тиімді екенін жеткізді. Таксиге тапсырысты қабылдап, жалдамалы көлікті шақыртып отыруға қалалық сот арнайы бір адам бөліпті.  

Алло ! Саламатсыз ба! Тоқаев 17- ге такси жібересіз бе?! Қанша минутта дайын болады? Сағат 12: 50-ге, жақсы.. 

Такси қызметін сот төрағалары жұмысқа келіп-кетуге және түскі үзіліс кезінде шақыртады. Бұдан бөлек қызметтік қажеттілікке қарай күніне тағы екі рет қолдануына рұқсат. Оның бәрі арнайы бақыланып отырады. Ал, такси қызметінің ақысы айдың соңында бір-ақ есептеседі екен.   

Қабыл ДҮЙСЕНБІ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Өздеріңізге белгілі екі компания қатысқан. Сөйтіп «Шымтранс» оны ұтып алған. Ал, оның шығыны сол 20 млн теңгенің көлемінде қарастырылған яғни жылдың соңына дейін. Таксидің төлеміне қатысты айтар болсақ, қаланың орталық шегінде ол - 500 теңге. Ал, егер де одан әрі ұзағырақ басқа аймақтарға, басқа да шағын аудандарға баратын жағдайда онда ол шақырымына 100 теңгеден есептеліп, кейін айдың соңында бәрі нақтыланып, сол бойынша төленетін болады.

Айта кетейік, қалалық соттың балансында қазіргі күні 7 автокөлік бар. Оның бесеуі ескі. Оларды жөндеуге де аз қаржы шығындамаған. Ендігі міндет - қолда бар сол көліктерді өткізу, деді қалалық сот басшысы.   

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Айта кетейік, қазір жұмыссыз қалған 5 жүргізушінің де тағдыры шешіліп жатыр. Оларды таксопарк қожайыны өзіне жұмысқа шақырыпты. Осылайша Шымкент қалалық сотындағылар бұл бастама арқылы бюджет шығынын кемінде екі есе қысқартпақ. Есептерінше жанармай, жалақы, жөндеу жұмысы сынды шығын жойылып, жоқ дегенде 20 млн теңгеге үнемделеді деп отыр. Сондай-ақ, бұл қадам арқылы кәсіпкерлікті де қолдап отырғандарын айтады.

А. Төребекқызы