Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Түркістан қаласында жаңадан әуежай салынады

AstanaTV
17.05.2019ж. 20:00
3226
Түркістан қаласында жаңадан әуежай салынады

Келер жылдың соңына қарай Түркістан қаласында су жаңа әуежай қолданысқа беріледі. Кеңестен кейінгі Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңадан салынатын әуе айлағына Түркия инвесторлары 100 млн доллардан артық қаражат құймақ. Бүгін елордада жаһандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстелден кейін осындай келісімге қол қойылды. «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан 2020 жылдың желтоқсанында әуежай алғашқы ұшақты қабылдауға дайын болады деп сендірді. Айта кетейік, аталмыш компания 2007 жылдан бері Ақтаудағы халықаралық әуежайға да иелік етіп келеді.  

Хусейн АРСЛАН, «YDA HOLDING» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: 

Түркістан халықаралық әуежайы бойынша келісімшартқа отырдық. 120 млн долларға дейін инвестиция құямыз. Қаражат ертеңнен бастап аударыла бастайды. 1 жарым жылда құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз деп сенемін. Біздің бұл салада тәжірибеміз мол.

Үшінші рет ұйымдастырылып отырған инвестициялық жиында Ақтөбе халықаралық әуежайында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа терминал салынатыны да белгілі болды. Оны енді Ресей компаниясы қаржыландырмақ. Осылайша Ақтөбедегі айлақ елдегі тағы бір авиациялық хабқа айналады. Бұдан бөлек, мұнай-газ, тау-кен өндірісі мен әлеуметтік салалар бойынша да инвестициялық жобалар қолға алынбақ. Ұзын саны 45 коммерциялық келісімге қол қойылды. Олардың жалпы құны 9 млрд долларға жуық. 

Д. Қайыртай