Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шенеуніктер 55 млн теңге тұратын S-класты Mercedes Benz-ке «ғашық»...

AstanaTV
28.10.2017ж. 20:00
3990
Шенеуніктер 55 млн теңге тұратын S-класты Mercedes Benz-ке «ғашық»...

«Қазавтоөндіріс» автомобиль саласы кәсіпорындарының одағы деген ұйым бар, соның басқарма төрағасы Олег Алферов осы аптада былай деді: биыл атқарушы билік, ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуларда отандық өнімдерге басымдық беруді қойды. 500 ден астам шетелдік қымбат көлік сатып алған, 6 миллиард теңгеден астам ақшаға. Іштегі «бұғып жатқан құштарлықты босатулары» – Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша - жергілікті өнімге басымдық беруге болмайды. Бірақ біз білеміз, екіжақты келіссөздер арқылы отандық өнімді қолдау шараларын қалдыруға болады. Ресей автоөндіріске келгенде, сөйткен. Біздің шенеуніктер не нарық заңдарына адал адамдар, не мемлекет мүддесін қорғай алмайтындар, не... Екіншіден, отандық автокөліктердің сапасы «онша емес», жолдар ойқы-шойқы деп, ұзақ жылдар пайдалануға болатын шетелдік көлік алғанның өзінде неге құны 22 млн теңгеден жоғары тұратын Toyota Land Cruiser көліктері, одан да қымбат тұратын S-класты Mercedes Benz алынуы керек? Үшіншіден, бұл тіпті басты сауал – «онша емес» көліктерге, ойқы-шойқы жолдарға кім кінәлі? Оларды сыйлыққа әтеш алатындар жөндемейді ғой?! Ол неғылған әтеш дейсіз бе? Шамалыдан соң тоқталамын. Ал қазір айтпағым, атқарушы билік те «зың» еткізгенді ұнатады. Өздерін «зың» деп тұрғаным жоқ. Зың еткізгенді. Зың машиналарды. Біздің меншікті тілшілеріміз әкімдіктерге сауал жіберген, соңғы 2 жылда қанша көлік алдыңыздар, қанша ақшаға?- деп. Көбі «машина алмағалы қай заман» деген сипаттағы жауаптар қайтарды. Бұл тіршілігінде проблема көп, көбінің шешілетіні сезілмейтін, системалық болған қоғамда сарказмға айналдыруға сұранып тұрған тақырып. Мен ондай тақырыпты жақсы көремін. Дәуренбек Бақдәулет жалғастырады.

Қайрат Астанада такси жүргізеді. Мына «Hyundai Accent» көлігі де сол такси компаниясына тиесілі. Өзінің сонау 1992-ші жылғы ескілеу «Nissan» көлігі екі аттаса, бір тоқтайтын дейді. Бірақ жұмыстан тыс уақытта соны жөндеп жүреді. Жаңа көлік алайын десе қысқа жіп күрмеуге жете бермейді.

Қайрат:

Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді. Жетпейді ғой, жетпейді әрине, қайдан жетсін? Қажеттілік деген артып тұр, күннен күнге.

Қайраттың тапқан пайдасы тек күндегі қажеттіліктеріне жетеді. Келіншегі де жұмыс істейді-ау. Ересек екі баласы бар. Бірде бар, бірде жоқтың күні.

Қайрат:

Таксидің жұмысы әр қалай. Бірде бар, бірде жоқ. Күнде әр қалай. –бірде 20 мың бірде 5 мың алатын шығарсыз? – Олай да айтуға болады. Бірақ 20 мың ЭКСПО кезінде болды. – Апарасың ба? – Қайда? –Бейімбет Майлин, қанша болады? Қанша бересіз? Қайдан білейін, сендер қанша аласыңдар? – Қанша берсең сонша аламыз.

«Қанша берсең сонша аламын»,- деді Қайрат. Қанағат дегеннің не екенін жақсы біледі. Азаматты жұмысынан қалдырмайық. Сюжет соңында тағы оралармыз. Бізде таксидегілер теңгені тиыннан құрап жүрсе де қанағаттан аттамайды, алайда билік басындағыларда бұл қасиет бар ма? Mемлекеттік органдар биылғы 9 айда 500-ден аса шетелдік қымбат көлік сатып алған. Оның құны 6 миллиард теңгені құраған. Бұл былтырғыдан 7,5 пайызға артық. Бұған дейін елде отандық өнімді қолдау мақсатында елде шығарылатын автокөліктерге басымдық берілген. Соған қарамастан өткен жылы шет елдің кемедей көлігінен алпыс жетісі кіріпті. Ал, биыл жыл басында ДСҰ мүше болуға орай әлгі басымдық алынған. Немесе біреулер «алып тастауға ықпал жасауы да» мүмкін. Нәтижесінде биыл не бары 9 айда мемлекеттік органдар мен холдингтер 508 шет елдің қымбат көлігін мініп «рақатқа» бір батып қалыпты. Шенеуніктердің шетелдік көліктерге тапсырысты үдетуі отандық көліктердің нарықтағы үлесін тарылтып отыр.

Олег Алферов, «Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы:

Отандық көліктерге деген басымдықтың алынуына себеп ДСҰ мүшелікке ену болды. Алайда, көршілес Ресей өз көліктеріне деген басымдықты сақтап қалды.  Бізде де осындай мүмкіндік бар. Әйтпесе, құны ерекше қымбат көліктерді импорттау биыл 7,5 есеге артса, келер жылы 14 есеге арта береді. Нақты мысал ретінде айтарым - Астана қаласының әкімдігіне қарасты автошаруашылық серіктестігі 55 млн теңгеге S-класты Mercedes Benz көлігін сатып алды.

Ал, көршілес Ресей өз отандық көліктеріне деген басымдықты сақтап қалған. Ол үшін бір ғана бұйрық шығарыпты. Бізге де шығаруға болар еді дейді Алферов. Бірақ...бірақ шығарғысы келмегенге ұқсайды. Бізде депутат, министрді айтпағанда, кішігірім басқарма басшыларының өзі жамбасына «жұмсақтау» келетін жерде отырғанды жақсы көреді. Жаңа Алферов келтірген «S» санатындағы Mercedes-Benz көлігін 55 млн теңгеге сатып алу дара мысал емес. Құны 22 млн теңгеден жоғары тұратын Toyota Land Cruiser көлігін  алғандардың ішінде Алматы, Ақмола, Қостанай, СҚО әкімдіктері, Сарыкөл, Әулиекөл, және Қамысты аудан әкімдіктері мен Зеленовский мәдениет бөлімінің тілдерді дамыту басқармасы мен дене тәрбиесі басқарма басшылары бар. Аудан бюджетінде осынша ақша қайдан? - деп таңдануыңыз заңдылық.

Кеңес Абсатиров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Мәселен, Алматы онкологиялық орталығы Toyota Camry көлігін 7,5 млн теңгеге алған. Ал Жамбыл облысындағы Талас, Сарысу, Мерке аудандары әкімдерінің аппараттары дәл сол көлікке 12-ден 14 млн теңгеге дейін төлеуге дайын. Ал Талдықорған әкімдігі сол маркадағы көлікке 23 млн теңге шығарып, құнын үш есе асырып отыр. Toyota Land Cruiser 200 көлігі бойынша да солай. Павлодар әкімінің аппараты осы көлікті алуға 20 млн теңге шығарған. Ал Қостанай облысының Әулиекөл ауданының әкімдігі 25 млн теңге бөліп отыр.
Сіздер қымбат көлікті мінгенде «жол жаман» деп сылтау айтасыздар. Бірақ сол жолды жөндеу де сіздердің міндеттеріңіз емес пе, осылайша сіздер аймақтарыңызда «Нұрлы жол» сынды бірқатар бағдарламаның жүзеге қалай асып жатқанын көрсетесіздер.

Сөйтіп депутат Абсатиров жаман жолмен жүйітку үшін әкімдердің «жақсы әдіс» тапқанын ашық айтты. Мұнан өзге ол әкімдіктердің автотұрағынан кейін төтенше жағдайлар немесе жедел жәрдем көліктерінің тұрағына қарау өте ыңғайсыз, деп қысылатынын жеткізді. Себебі ондағы көліктердің басым көбі әлі де сонау 1970-1990-шы жылдар аралығында шыққан көліктер.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Мемлекеттің ақшасын шашу - өте үлкен кемшілік. Және ол кейін халық пен әлеуметтің арасында сөз болатын мәселе. Оны мемлекеттің ақшасына көлік алатындар ойлануы керек. Демек орта бағадағы, орта деңгейдегі көлікті алған бұл «ұлық болсаң кішік бол» деген сияқты кез-келген басшыларға керек нәрсе.  

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Міне мынау Қазақстанда жасалған көлік. Орындығы да жұмсақ, жүрісі де жеңіл. Не қажеттің бәрі бар. Бағасы да біздің шенділер тізгіндеп жүрген көлітерден әлде қайда төмен. Ал, мынау Toyota Land Cruiser. Техникалық сипаттамаларына үңілгім де келмейді, себебі бәрі де қамтылғанына таласым жоқ Бірақ бағасына келгенде бағасынан ат үркетіндей, әкеңнің құнын сұрайды деген осыдан қалса керек.

Ал, мамандар болса отандық көлікті қажет етпей импорттық қымбат көлікке жүгіретіндерді бюджет қаржысын бөлген кезде тым бұлыңғыр етіп жібереді дейді. Қымбат көлікті сол бұлыңғыр схема бойынша сатып алады.

Меруерт Маxмұтова, экономист-сарапшы:

Құдайдан қорықпайды дейді ғой енді, былайша айтқанда. Бюджеттің ашықтығы емес, соны өздері жазады, өздері қабылдайды. Оны жарияламайды. Содан біз көшеде ағызып жүрген мерседес пен проше кайэнді көреміз. Әрине жақсы машинамен бәрі де жүргісі келетін шығар, қалтасындағы ақшасы қандай машинаға жетсе де өз еркілері. Бюджеттің ақшасына басқа да қажет нәрсе бар, сондықтан оны қымбат машинаға жұмсау дұрыс емес. 

Жамбыл облысындағы әкімдерге мемлекет мінгізген тоғыз темір тұлпар бар.   Тарқата айтсақ...

Гүлжан Дәуренова, Жамбыл облысы әкімдігі аппаратының бас есепшісі :

9 көліктің біреуі әкімде. Әкімнің 5 орынбасары бар, аппарат жетекшісі бар. Сонымен тағы да 2 көлік оны «гостевой» дейміз. Қонақ келген кезде қонақтарды ары-бері тасып жүретін 2 мәшине. Маркалары әкімдікі «Mercedes-Benz», орынбасарларында «Toyota Land Cruiser», «Kia Quoris».  2015 жылы алған «Kia Quoris» 12 млн теңге болып шықты. Биылғы алған 13 миллион.

Тендер арқылы алынған  соңғы «сәйгүліктің» тізгінін тартқалы жатқан жерінен қожайынынан «қалай екенін?» сұрадық. Ә дегеннен Әбдірайымов мырза көлігі көңілінен шығатынын, тіпті өзінің денесіне сай екенін айтып мақтанды.

Ғалымжан Әбдірайымов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Бұл тұлпарға ешқандай жалобам жоқ. Облыстың 6 ауданын аралап келдім. Асты биік өздерің көріп тұрғандай. Көлікке ешқандай күмәнім жоқ менің. Жолда қалдыруы мүмкін емес көлік деп айтқым келеді. Іші де, сыйымдылығы да жақсы, менің енді бойымды көріп тұрсыздар 2 метр бойым бар. Бензинді аз жегендігі де, жүрісі де өте ұнайды. Қозғалтқышы 3,5.

Мақтаулы машиналар да бұзылатыны белгілі. Жөндеу жұмыстарына да аз ақша кетпейтін көрінеді.

Гүлжан Дәуренова, Жамбыл облысы әкімдігі аппаратының бас есепшісі :

Бір жылға ағымдағы жөндеу жүргізуге және техникалық қызмет көрсетуге көліктерге  12 млн.теңге бөлінеді. 9 мәшинеге. Сонда 12-ні тоғызға бөлгенде 1 млн. 333 мың теңге болады ғой бір көлікті жөндеген.

Енді өзіңіз салыстырып көріңіз. Бұзылған бір көлікті баптауға жылына бір жарым миллион теңгедей ақша кетеді деді.  Ал, қарапайым халық  500-600 мыңның көлігін несиеге алып, оны қайтара алмай етегі жасқа толып жүр...

Біз аймақтардағы әріптестер арқылы барлық дерлік облыс әкімдіктерінің автотұрақтарын торуылдап көрген болатынбыз. Бәрінде қымбат көлік қаңтарылып тұр. Тек ашық ақпаратты ашып айтуға тиісті мамандар сараңдау келеді екен. Алматы қаласы мен облысының, Шымкент пен Оңтүстік Қазақстан облысының, Қарағанды өңірінің әкімдіктеріне жолдаған ресми сауалдарға жауап жоқ. Ал, кей өңірлердің әкімдік өкілдері тартынып, сағызша созбақтап жүріп мардымсыздау ақпарат берді. 

Руслан Аңбаев, Солтүстiк Қазақстан облыс әкiмi аппараты басшысының ұйымдастыру-шаруашылық мәселелерi бойынша орынбасары:

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Mercedes Benz 350 көлігімен жүреді 2006-шы жылы шыққан. Екі орынбасары Kia Quoris-пен жүрсе, аппарат жетекшісі мен тағы бір орынбасары Toyota camri - жүреді. Ол мемлекеттік сатып алу аясында 2016-шы жылы алынған. Тағы қосымша екі жеңіл көлігіміз, екі автобусымыз бар. 

Ал, Павлодар қаласының әкімдігі биыл 10 көлік сатып алған. Олардың жалпы сомасы 101 млн теңгені құрайды. Бүгінде тағы екі машинаны сатып алу бойынша конкурстық процедура басталған. Ең қымбат көлік – шаһар басшысына алынған.

Әсия Қаржауова, Павлодар қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

Қала әкімі үшін шілде айында Қазақстанда құрастырылған Kia Quoris  көлігі сатып алынды. Оның бағасы 22 млн 500 мың теңге тұрады.

Салыққа төлеген сіз бен біздің қыруар қаржымызға шенеуніктер рахаттанып жүргенде Қайрат сынды қайраты бар, алайда ең болмаса тым ескі емес көлік алып мінуге қаражаты болмай жүрген азаматтар армандап қана отыра бермек. Сырттай сыр білдірмегенімен, бұл Қайраттың мысқылды күлкісінен де байқалды.

Қайрат:

Бұйырғаны болады, бұйырғаны. Кім армандамайды? Кез келген адам жақсы үйде тұрғысы келеді. Жақсы киім киіп, жақсы машина мінгісі келеді дегендей, соны армандаймыз. Арзандайды ғой бір он жылдан кейін...