Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Батыс Қазақстан облысында жолдардың жайы мәз емес

AstanaTV
20.05.2019ж. 20:00
3197
Батыс Қазақстан облысында жолдардың жайы мәз емес

Батыс Қазақстан облысындағы жолдың 70% тозып тұр. Өңірге сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нашар жолдың әлеуметтік ахуалға кері әсер ететінін айтқан еді. Президент Казталовка, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы жол салу жұмыстарын Үкімет пен әкімдікке 2021 жылдың соңына дейін бітіруді тапсырды. Тіпті бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді.  

Он жылдан бері жолаушы тасып, нанын тауып жүрген Қайырлы жол азабын жақсы біледі. Өйткені туған ауылы - Жәнібек ауданына жету оңай емес, кей жерде жол мүлдем жоқ. Көктемде қатқақ, күзде батпаққа батып, жолсызбен жүрсеңіз, қандай мықты көлігің де сыр береді, дейді жігіт ағасы. 

Қайырлы ШҮЛЕНБАЕВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ: 

Жол жоқ, «Уазиктер» шақ жүреді жеңіл машина түгілі. Біз енді жасыратыны жоқ, бір емес «Уаз» тоздырдық. Енді тағы бір машина алғанбыз. Ол да тозды. Кешегі борандарда Казталовкада қондық, жолды мүлдем тазаламайды. Жалпақталдікілер сатып алған тендерді. Мүлдем жол қарамайды. Жыл сайын ақшаларын алады. Қысы-жазы бейнет көретін баяғы таксистер.

О блыс орталығынан 500 шақырым жердегі Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының жолына Кеңес үкіметі кезінде де асфальт төселмеген. 35 мыңдай тұрғыны бар аудандарға жол салу керектігі талайдан бері айтылып келді. Ауыл мен қаланы жалғайтын күре жолдың құрылысы биыл басталады. 2,6 млрд. теңге бөлінген жол үш жылда салынып бітпек. 

Хамзат СҰЛТАНОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК БҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазір жобалау-сметалық құжаттары дайын. Енді жол салушы мердігер анықталады. Бұл жол Қазталов-Жәнібек, Өнеге-Бисен-Сайқын бағытында салынады. Биыл республикалық маңызға ие жолдарды қайта салу, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына ел бюджетінен 9,5 млрд. теңге бөлінді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:  

Жолдың сапасын тексеруші мамандар жаңа жолдың өзінен де кінәрат тауып жатады. Мысалы, бағдаршамдағы кезекті азайту үшін салынған оң жақ бұрылыс былтыр күзде пайдалануға берілген. Содан бері қыс өтті, көктем де бітті. Асфальт жүргізушілердің жүйкесімен бірге жұқарып, қиыршық тасы шашылып жатыр.

Жасқайрат ҒАББАСОВ, ҚР ИИДМ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ «БАТЫСЖОЛЗЕРТХАНАСЫ» РММ-НІҢ БАСШЫСЫ: 

Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардан 30 шақты кемшілік табылды. Бұлар - Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы шекарасы, Подстёпное-Фёдоровка- Ресей Федерациясы шекарасы, Атырау-Орал және Чапаев-Жалпактал-Казталовка бағытындағы республикалық маңызы бар жолдар. Мердігерлердің сапалы материалдарды пайдаланбағаны анықталса, кепілдік міндеттемеге сай қайта жөндеткіземіз.

Биыл «Сырым» өткізу бекеті де кеңейтіліп, сегіз жолақты болып қайта салынады. 1,5 миллиард теңге бөлінген бұл жұмыс биыл қазан айында аяқталуы тиіс. Мамандар осыдан кейін шекарадағы кезек жойылып, жұмыстың жеңілдеріне сенімді. 

Е. Карин