Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Отандық әскери зауыт қаржылық қиындыққа тап болды

AstanaTV
23.05.2019ж. 20:00
3284
Отандық әскери зауыт қаржылық қиындыққа тап болды

Астанада сауытты әскери техника шығаратын зауыт қаржылық қиындыққа тап болды. Өйткені елімізде әскери кәсіпорындарға жеңілдікпен несие беруге тыйым салынған. Ал жоғары пайызбен берілген қарыз көп жоспарға қолбайлау болып отыр. Қазір зауыт қазақ әскеріне қажетті әскери техниканың небір түрін шығарады. Болашақта ТМД елдері мен Таяу Шығыс нарығын бағындыру да жоспарда. Еркін Карин бірегей зауытта болып қайтты.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Әскери техникалар мына металдан құрастырылады. Металлдың мықтылығы соншалық, менің салмағым түгілі, от пен оққа да шыдас береді. Тіпті қуатты бомбалардың жарылысына да төтеп береді екен. Бірақ бұл металды лазермен өңдеу оңай емес. Дегенмен ғылымның жетістігіне сүйеніп, мына металды сумен кесіп, пішімдеудің тың тәсілін ойлап тапқан. 

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы 4 жыл бұрын ашылған. Бұл іске бюджеттен көк тиын бөлінбегесін, оңтүстікафрикалық инвесторлардың қаржысына қосымша банктен несие алуға тура келіпті. Өйткені банктер еліміздегі әскери өндіріске жеңілдік жасамайды. 

Көбей ЖАҢБЫРШЫ, «ҚАЗАҚСТАН ПАРАМАУНТ ИНЖИНИРИНГ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ :

Мемлекеттен өкінішке қарай бұл мәселе бойынша ешқандай жеңілдік ала алмаймыз. Себебі біздің даму институттарында шектеулер бар. Олар қару-жарақ шығару саласын қаржыландыра алмайды. Сондықтан екінші деңгейдегі банктер коммерциялық несие алдық. Соның пайызы жоғары болғандықтан, қазіргі таңда бізге бірқатар қиындықтар әкеліп отыр.

Егер жеңілдетілген несие берілсе, өнім бағасын төмендетіп, көрші елдердің нарығына шығуға болады. Бірақ мұның бәрі қаржыға тіреледі. Ал басқа мемлекеттерде бұл мәселе оңымен шешілген. 

Ержан ЕСЕЕВ, ҚҰРАСТЫРУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Мұндай көліктер елімізде құрастырылмақ түгілі, бұрын-соңды Қазақстанға жеткізілмеген. Тіпті Орталық Азияда баламасы жоқ. Жауынгерлер мен экипаж мүшелері үшін барынша қауіпсіз, әрі барлық жағдайы жасалған. Жол талғамайды, жылдамдығы сағатына 100 шақырымнан асады.

Қазір зауыт құрышталған «Барыс 8Х8» әскери машинасын құрастырып жатыр. Үш жыл бойы жүргізілген сынақ кезінде мамандар қуатты жарылыс кезінде де көлік ішіндегі жауынгерлерді тірі қалатынына көз жеткізіпті. «Барыстың» бауыры латынша V әрпіне ұқсайды. Осы сүйір формасының арқасында көлікке көзделген оқ тайып, жарылыс дүмпуі бәсеңдейді.  

Дастан САМЫЛТЫРОВ, ҚҰРАСТЫРУШЫ ИНЖЕНЕР: 

Бұрын жауынгерлер жеңіл броньді машинаның үстінде тізіліп отыратын. Өйткені минаға тап болса, ешкім де аман қалмайды. Ал мына көліктің ішіндегі сарбаздарға қауіп жоқ. Жарылыстан кейін де қозғалысын жалғастыра береді. Қарсыластар осындай көліктердің колоннасына шабуыл жасау бекер екендігін түсініп, дереу позициясын ауыстырады. Мұндай технология ТМД аймағында жоқ.

Қазір отандық қарулы күштерді техникамен қамтамасыз ететін зауыт әскерилердің талап-тілегін ескеріп, өнімін жетілдіру үстінде. Ендігі мақсат - экспортқа шығу. Бірақ әлемдік деңгейдегі алпауыт корпорацияларды мойындату да қаржыға келіп тіреледі екен. 

Е. Карин