Зейнеткерлікке шыққасын «бәрі бітті» деген түсінік бар. Дегенмен. Жұмыс істейтін зейнеткерлер аз емес. Оның да бояуы сан қырлы. Жетіскеннен емес, жетпегеннен де істейді. Бір анығы – адамның үйге қамалмай, өзіне ұнайтын шаруамен айналысқаны, қозғалыста болғаны, өзінің біреуге/біреулерге керек екенін сезінгені. Ал ең бастысы – мамандық, жүретін жолыңды таңдағанда әу бастан қателеспеу. Сондықтан ел басқаруға да лайықты адамдар шықпаса, қиын. Әр адам қабілетіне байланысты істесе, ол халыққа да жақсы, адамның өзіне де жақсы, -дейді қолынан қуат кеткенше жұмыс істейтінін айтқан Махмұт ұста. Ақерке Бектас жалғастырады.
Бағжан Бегееваның зейнетке шықса да, зейіні жұмыста. Адам жанына араша болып жүргеніне 40 жылдан асты. Жылдар бойы көз майын тауысқан білімі, тірнектеп жиған тәжірибесін бір сәтке де сарп еткісі келмейді. 7 жыл бұрын зейнетке шыққанымен, «шаршадым» деген әжені көрмедік. Әлі тың, қимылы ширақ.
Бағжан БЕГЕЕВА, ДӘРІГЕР:
Өзіңнің жақсы көрген сүйікті ісіңе ертеңге дейін асығу. Мен сенбі, жексенбі болып қалса, ертең жұмысқа барамын деймін. Үйге барғаннан кейін ол жерім, бұл жерім ауырған сияқты болады. Ал жұмысқа келгенде мен өзімді жас сияқты сезінемін.
Бағжан апай кеше ғана Гиппократқа ант берген жігерлі жас cекілді. Науқастың білте шамдай үмітін сөндіргісі келмейді. Айығып кетсе екен деп асығады. Бүгінгі медицина жаңалықтарына қуанып, жас мамандарға қызыға қарайды.
Бағжан БЕГЕЕВА, ДӘРІГЕР:
Эндопротезбен келгендерге операция істеген жас травмотологтарға қызығамын. Ал кейде жетіспеушіліктер болса, мен оларды қайтадан консультацияға жіберемін. Бақылап отырамыз. Бірақ өзімнің үлесімді солардың жасаған операциясын одан әрі жақсы қылып, пациенттерімнің жақсы болып кеткенін қалаймын, әрбіріне «выписался с выздоровлением» деп жазып бергім келеді. Әрбір пациент келді ме, бірден оның ауруын сеземін. Кей кезде өзім арқылы өткендей болады.
Ал бұл – темірден түйін түйген Махмұт ұста. Қару-жарақ жасаудың һас шебері зейнеттік жастан асса да «қолдан қуат кеткен жоқ», -дейді.
Махмұт ҚҰЛМЕНТЕГІ, ҰСТА:
Адам мына өзінің ісін сүюі керек. Өзінің ісін сүйген адам кез келген нәрседе қолынан қуаты кеткенше ол жұмыстан шықпайды. Мәселен, адам жаратылғаннан кейін әркімнің өз саласында қабілетіне қарай ісі болады. Сол ісін өзі сүйсе, ол өмір бойы қолынан қуаты кеткенше сонымен айналысады. Ол - адамның бақыты.
Ұлттық өнерді шебер меңгерген ұста мына қара шаңырақта еңбек етеді. Әкесінен қалған үйдің алақандай ауласын шеберханаға айналдырған. Қазір бұл салаға балаларын да баулып жүр.Ал ең бастысы – әу бастан қателеспеу. Сондықтан ел басқаруға да лайықты адамдар шықпаса, қиын. Әр адам қабілетіне байланысты істесе, ол халыққа да жақсы, адамның өзіне де жақсы, -дейді ұста.
Махмұт ҚҰЛМЕНТЕГІ, ҰСТА:
Арғы тегіңде жақсы тәрбие алсаң, отбасыңды жақсы ұстай білсең ,онда еш уақытта қартаймайсың. Жүйкеге тимейтін нәрселердің бәрі сол - өз ісіңді сүю. Өз ісіңді сүймейтін нәрселерде әрине, кемшілік. Мына мемлекет, ел басқарғанда да лайықты адамдар шықпаса, көп нәрседен қателесетін себебі сол. Сондықтан әрбір адам қабілетіне байланысты ісін істесе, ол халыққа да жақсы, адамның өзіне де жақсы.
Расында «қарттық» деген тек адамның санасында. Ұстаның ойын психолог да құптап отыр. Зейнетке шыққан соң адамдардың күйзеліске түсетіні де содан. Бірден «егде тарттым, ешкімге керексізбін» деген ой сананы да жегідей жеп бітеді.
Лимана ҚОЙШИЕВА, ПСИХОЛОГ:
Зейнетке шыққаннан кейін бірден байқасаңыз бір жылдың ішінде қартайып, денсаулығы сыр беріп, сондай бір күйзеліске түсіп жатады. Соңғы уақытта біз онымен жиі кездесіп жатырмыз. Сол 60-қа келгеннен кейін өмір осымен біткен сияқты, тек қана немере бағу, үйде отырумен ғана шектеліп қалып жатады. Шын мәнінде қарттық деген 90 жастан бастап келеді екен. Біздің санамыз да 90 жастан бастап қана қарттық деген кезеңге өтеміз деп қабылдайтын болса, онда біздің санамыз сол бағдарламамен ғана жұмыс жасайды. Біздің ағзамыз да соған қарай жұмыс жасайды екен.
Бірақ Лимана Қойшиеваның айтуынша Қазақстандағы адамдар зейнетке шығуға дайын емес. Олар әуестенетін дүние тауып, өмірге өзгеріс енгізуге қорқады, дейді. Әлі де қауқары барына сенімсіз.
Лимана ҚОЙШИЕВА, ПСИХОЛОГ:
Көпшілігінде астыртын үрей бар. Денсаулығым кетеді деп ойлайды. Егер денсаулығым кетеді деп ойласа, денсаулығын күту керек. Диета ұстауы керек, спортпен айналыссын. Таза ауада жүру керек. Өмірді сүю керек. Сол қорқыныш деген болмауы керек. Керісінше өзінің жақсы көретін ісімен айналысуы керек.
Дариға Мұштанова зейнетке шыққанмен, қоғам мені тыс қалдырмады, дейді. Осы жаста өзінің қажет екенін сезінгеніне қуанады. Қазір Оралдағы қазақ драма театрының сараптаушысы. Ұзақ жыл ұстаздық екен оның жанына театр жат болмады. Өнер ошағындағы бірде-бір спектакльден қалған емес. Әрбір қойылымды қадағалап, өз пікірін әлеуметтік желіде жариялап отырады.
Дариға МҰШТАНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
«Демал» дегесін демалу керек шығар деп жатып көрдім бір-екі жыл. Бірақ қоғамдық жұмыс мені тыс қалдырмады. Бәрібір алуан түрлі шаралар, жюри болу, конкурсқа қатысу. Тіпті ең әрісі құттықтауларын жаздырып алса да, қоғам мені тыс қалдырмады. Ол бір жағынан жақсы, өзіңнің қажет екеніңді сезіну. Бір жағынан, жауапкершілік, ол сенің мен енді қартайдым, мен ешкімге керек емеспін, ешкім маған керек емес деген тоқыраудан сақтайды, қоғамға қажеттілік.
Оңтайлы сәттің орайы түссе жазуға да жаны құмар оның зейнетке шыққан соң «Аңыз болған абысындар» деген кітабы жарық көрді. Туындының желісімен театрда қойылымның премьерасын да өткізіп үлгерген. Бастысы - өз өмірін басқаша бағытқа бұрудан қорықпады.
Дариға МҰШТАНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Содан кейін өзіңнің ішкі рухани қажеттілігіңді, өзіңнің рухыңның не қажет екендігін білесің. Біреулер ән салып жатады қартайғанда, біреулер тоқыма тоқумен айналысып кетіп жатады, нан пісірумен айналысып кетіп жатады. Сол өзінің әуелдегі орындалмай қалған профильдік бағытын дұрыс таба алмай қалған жандар. Әртіс қылып, Алла жаратып еді, оны мамасы апарып: «сен әртіс болмайсың, бухгалтер боласың»,- деді де, бухгалтер жасап жіберді, бағдарын қате жасап.Демек сол жерде бір арман менде қалып қойған болып тұр ғой. Сөйтіп өзімді-өзім тауып алдым.
Қоғамда зейнеткерлікке асығатын да адамдар көп. Бейнеті мол жұмыс қажытып жібереді, жүйкесін жұқартады. Шәкіртке әліппеден әріп танытқан Қанайым Қазанғапова ертерек құрмет демалысына шыққанына қуанады. Адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс жоқ шығар. Бірақ ұстаз бүгінгі мұғалімдіктің бейнеті мен түсініп болмайтын түсінігінен шаршаған.
Қанайым ҚАЗАНҒАПОВА, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:
Мен, мысалы, 58 жасымда шықтым. Тура дұрыс шыққан екенмін деп ойлаймын. Дәл осы кезде мен 60 жастан асып ол жұмыстарды істей алмас едім, шаршайсың. Ал өзі өте шаршап тұрған адам, сапалы білім береді деп айта алмаймын. Денсаулығын дұрыстауға да, емделуге де уақыты жоқ.
Бәрі бірдей сүйген ісінен жан рахатын таба қоймас. Зейнет жасындағы ата-әжелеріміз жетпегеннен қала көшелерінде ұсақ-түйек сатып, тіпті еден жуып, көше сыпырып жүргенін де көреміз. Қарттығы алаңсыз өтіп жатқандар бізде өте аз. Дегенмен Махмұт ұста айтпақшы, әу бастан қателеспеу керек. Өмірдің ғажаптығын кеш түсінуден артық азап жоқ.
А. Бектас, А. Жұлыбаев «Біздің уақыт».