Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматы облысында қымбат жүк көлігін сатып алған азамат алданып қалған

AstanaTV
28.05.2019ж. 20:00
4214
Алматы облысында қымбат жүк көлігін сатып алған азамат алданып қалған

Алматы облысында қымбат шетелдік автокөлік сатып алған азамат әділдікке жете алмай жүр. Ол 74 мың АҚШ долларына сатып алған жүк тасымалдау көлігі шетелден ұрлап әкелінгені анықталған. Жүргізуші өткен жылы желтоқсанда полицияға арыз жазып, алаяқтарды жауапқа тартуды талап еткен. Алайда құқық қорғау органдары істі тергеуге асығар емес, дейді жәбірленуші. Ал оның адвокаты істі «жалған құжат жасау» фактісімен емес, «алаяқтық» жолмен жасалған қылмыс деген баппен қарау қажет деп отыр. Ришат Асқарбекұлы баяндайды.  

Бекдәулет Құрбанбайдың қазір осылай автокөлігін сүртіп, оны айналшықтап жүруден басқа амалы жоқ. Өткен жылдың қараша айынан бері отбасын асырап отырған көлік қаңтарылып тұр. Ол адал қаражатыма сатып алған көліктің шетелден ұрлап әкелінгенін білмедім дейді. Көлік иесі тасымалдаушылардың үстінен полицияға арыз жазған. Бірақ 6 айдан бері ешкім жауапқа тартылмапты.    

Бекдәулет ҚҰРБАНБАЙ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қазір осы арыз бойынша ешқандай тергеу де өткен жоқ. Рустам деген азамат маған да келді. Арыз түсірген соң, қасында прокуратурада істейтін Рауан деген жігітпен келіп, мені сөзге көндіруге тырысты. Ақшаны қайтарып беріп, машинаны қайтып аламыз деп алдап жүрді. Уақытты созіп жүріпті. РОВД-ға келсем істі жауып тастапты. Олардың маған ақша ұсынғаны, мойындағаны бәрі аудио, видео жазбада бар. Кездескенде түсіріп алғанбыз.

«Вольво» маркалы жүк көлігін жүргізуші 2014 жылы 74 мың АҚШ долларына сатып алған. Еуропа, Түркия елдеріне тауар тасымалдап, кәсіп еткен. Былтыр қазан айында көлік Ресей шегарасынан өткенде көлік шанағындағы номерлердің сәйкессіздігі анықталыпты. Елге келгенде Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы қылмыстық кодекстің 385 бабы бойынша іс қозғаған.  

Камиша ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР: 

Шын мәнінде бұл алақтық фактісімен тергелуі керек. Ақшаны кім иемденді, неге ол көлік заңсыз кірді? Ол қалай кірді және біздің Қарасай ауданының РЭО-сында бұл көлік қалай тіркелді? Яғни ұрланған, заңсыз әкелінген көлік тексерусіз тіркеліп, саудаланып, біреу одан табыс тауып отыр.

Алматы облысының полиция департаменті істің тоқтатылмағанын айтады. Қазір бұл факті бойынша бірнеше сараптама тағайындалған. Шет мемлекетте ұрланған көліктер тізіміне енген автомобильді рәсімдеген лауазым иелері жауапқа тартылмақшы.  

Көбейхан НҰРАХМЕТ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Алматы облысы полиция департаментінің басшысы жапа шеккен азаматпен кездескен. Бұл іс қатаң бақылауда. Қазір шекара қызметі кеден органдарына сұрау жолданып, жауаптар алынды. Жақын күндері осы қылмысқа күдікті азаматтар анықталып, жауапқа тартылады.

Адвокаттың айтуынша, Бекдәулет Құрбанбайға көлік сатқан 1986 жылы туған азамат Қаскелең қаласында тұрады. Одан зардап шеккен тағы бір адам Түркістан облысынан табылыпты. Алматы облысында жыл басынан бері 91 көлік ұрлығы тіркелген. Оның ішінде 60 автомашина иелеріне қайтарылыпты. Осы істер бойынша 59 күдікті жауапқа тартылған.  

Р. Асқарбекұлы