Негізгі / Жаңалықтар / АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасына шешуге болады – Н. Назарбаев

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасына шешуге болады – Н. Назарбаев

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасына шешуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев қауымдастықтың жоғарғы кеңесінің отырысында осылай деді. Ол Еуроодақтағы «Эйрбас» секілді ұшақ шығаратын компания ашуды да ұсынды. Абай Сейфулла жалғастырады.

Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция құру идеясына 25 жыл. Ал бес жыл бұрын осы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь экономика одағын құрды. Кейін оған Қырғызстан, Армения қосылды. Бірегей идеяның авторы әрі жүзеге асырушысы ретінде бүгін оған жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы атағы берілді. Беларусь басшысы Александр Лукашенко жас одақтың беделіне сенбейтіндер оны көре алмайтындар немесе қорқатындар екенін айтты.   

Александр ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Нұрсұлтан Әбішұлы одақта тексеріспен де айналысты. Комиссияның кадрлық құрамы мен қызметіміздің стратегиялық бағыттарына дейін істелінген, істелінбеген шаруаларды бақылады. Міне, осы тұста ол бізге көп көмек көрсете алады. Сондықтан бұл кеше ғана Президент болған адамға тағайындала салған жай сыйлық емес. Назарбаевтың одаққа әлі берері көп.

Нұрсұлтан Назарбаев ішкі аймақтық ұшақтар жетіспейтінін алға тартып, қысқа қашықтыққа қатынайтын ұшақ шығаруды ұсынды. Ауыл шаруашылығына да авиация жетіспейді, деді. 2025 жылға дейін енді осыған қатысты жол картасын әзірлеу қажет. Ембасы импорт проблемасы тек авиацияда емес, ұсақ-түйекке де қатысты екенін айтты.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мы должны составить такую группу людей которые проанализируют, и скажут, молоко производится в Беларуссии или в России, продовольственная пшеница в Казахстане и так далее. Одежда, даже одежду для военных мы импортируем. Это позор просто.

Владимир Путин Еуразия экономикалық одағына мүше елдерге бірыңғай зейнетақы жүйесін енгізілгенін қалайды. Азаматтығына қарамастан одаққа мүше қай елде жұмыс істесесіңіз де зейнетақы төлемі жүреді. Ресей басшысының пікірінше бұл Еуразия бестігі азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауды толық қамтамасыз етеді. Осы тұста одақ жұмысының бір бағыты - бес ел арасындағы еңбек миграциясына кең жол ашу екенін айтып өту керек. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов журналистерге сұхбатында бізге бұдан ешқандай әлеуметтік интеграция қаупі төніп тұрған жоқ деді.  

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ: 

Мысалы, бір адам Қырғызстаннан келіп, Қазақстанда 5 жыл жұмыс істейді. Одан кейін Ресейге барып тағы үш істейді делік. Міне, осы өзінің елінен тыс өткізген 8 жылы үшін ол зейнетақы алуы керек қой. Жарна төледі, салық төледі, еліне қайтқанда зейнетақы алсын. Бұл - әділ.

Отырысты жүргізген Армения премьер-министрі ортақ электр энергиясы нарығын жасауды ортаға салды. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кедендік әкімшілендіруді де цифрландыру арқылы ортақ ашық жүйеге түсірейік дегенді айтып отыр. Жиынға бақылаушы ретінде Молдова Президенті Игорь Додон, құрметті қонақ болып Эммомали Рахмон да қатысты. Айтпақшы, Путин мен Лукашенко саммит аясында жеке кездесу өткізген. Алайда кеңейтілген кеңесте арадағы мұнай проблемасын қозғаған жоқ. Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейдегі ластанған құбыр үшін Қазақстан ешқандай өтемақы сұрамайтынын айтты.   

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: 

Мұнайдың сапасы төмен болған соң біздің жеке мұнай компаниялары бағасын кішкене түсірді. Сондықтан осы мәселені, маркет бағасы мен сатылған баға айырмашылығын талқылау керек.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

184 млн адамдық нарығы бар қауымдастыққа мүше елдер арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 60 млрд долларды қамтып, 9 пайызға өскен. Экспорт 27 пайызға жоғарылады. Қазір одақпен сауда қатынасын жасауға 40 ел қызығушылық танытып отыр. Оның ішінде Сингапур, Израиль, Үндістан бар. Қырғызстан, Беларусия президенттері одақтың барлық мүшелеріне экономикада тең жағдай жасалу қажеттігін бірнеше рет айтты. Әйтпесе импорт пен экспортқа қатысты өзара келіспеушіліктер жалғаса бермек.

А.Сейфулла