$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыда жемқорлыққа қарсы тәуелсіз тексерумен айналысқан қоғам белсендісін атып кетті

AstanaTV
30.05.2019ж. 20:00
2725
Қарағандыда жемқорлыққа қарсы тәуелсіз тексерумен айналысқан қоғам белсендісін атып кетті

Қарағанды облысында жемқорлыққа қарсы тәуелсіз тексерулер жүргізіп келген қоғам белсендісін атып кетті. Белгісіз біреу Ғалы Бақтыбаевты үйінің жанында аңдып тұрып, оқты дәл басынан атқан. Қоғам белсендісі осылайша аулаға көлігін қоя салысымен әйелінің көз алдында мерт болған. Ал қаскөй әлі ұсталған жоқ. Қазіргі таңда «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Қылмысты ашу, күдіктіні ұстау мақсатында құрамында департаменттің және Жаңарқа аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы жасақталып, қылмыстың ізін кесу бойынша кешенді іс шаралар атқарылуда. Тергеу барысы облыстық полиция және прокуратура басшылығының қатаң бақылауында.

Ғалы Бақтыбаев мемлекеттік органдарда қаржы жымқыру, парақорлық фактілері болуы мүмкін деген деректермен тәуелсіз тексерулер жүргізіп келген. Туыстары тергеу орындарына оған бірнеше рет қастандық жасалғанын және бұл жолы тапсырыспен атылғанын айтып отыр. 

Зәуре БАҚТЫБАЕВA, ҒАЛЫ БАҚТЫБАЕВТЫҢ ӘПКЕСІ:   

Ағама бұдан бұрын да қастандық жасалған. Қорқытып, үйінің терезесін сындырып кеткен. Білім бөліміне, басқа да органдарға шағымданған қаншама адамдарға көмектесті, одан көмек сұрағандар көп болды. Әділдікті жақтайтын, ораза ұстап, Аллаға сенетін адам болатын.

Г. Меңдеева