Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Президент сайлауына уақытша ұстау изоляторына қамалған айыпталушылар да қатысуда

Президент сайлауына уақытша ұстау изоляторына қамалған айыпталушылар да қатысуда

Президент сайлауына уақытша ұстау изоляторына қамалған айыпталушылар да қатысуда. Қарағандыдағы АК 159/1 мекемесіндегі жабық сайлау учаскесіндегі саяси науқанға әріптесім Айжан Қуаш куә болуда. Айжан, жабық мекемедегі сайлау қалай өтіп жатыр?

Айжан ҚУАШ,ТІЛШІ: 

Иә, Ләйлә бұл жабық мекеме болғандықтан мұнда учаскелердегідей абыр-сабыр жоқ. Мекеме саяси науқанға алдын ала дайындалып қойған. Сағат 7 бола бере арнайы қапаста отырған азаматтар күзетшілердің бақылауымен сайлау учаскесіне әкелінді.

94-інші жабық сайлау учаскесіне таңертеңнен бері 100-ден астам айыпталушы дауыс беріп үлгерді. Олардың айтуынша, барлығы саяси науқанға дайындалып, өздеріне ұнаған кандидатты алдын ала таңдап қойған. Уақытша қамау изоляторының тәрбие бөлімі қапастағыларды президенттікке үміткер азаматтардың әрқайсының бағдарламасымен таныстырған. 

Есімжан БАЙТАСОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ АК159/1 МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мекемедегі әрбір камерада, яғни қапаста радио бар. Айыпталушылар сол радио желісі арқылы кандидаттардың бағдарламасымен танысты. Онымен қоса ақпарат парақшаларын тараттық. Қамаудағы азаматтар дауыс беруге келіп жатыр. Бәрі ережеге сай, ешбір заң бұзушылық жоқ.

Осылайша бүгін уақытша қамауда отырған 3 жүзге тарта азамат сайлауға қатысады. Оларға қатысты сот шешімі шықпағандықтан, Заң бойынша дауыс беруге құқы бар.   

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Ал, Қарағанды облысындағы түзету мекемелерінде отырған тағы 3 700 сотталған азамат бүгін дауыс бере алмайды. Өйткені олар құқықтарынан айырылған. Жалпы аймақта бұлардан басқа 900 мың сайлаушы бар. Тұрғындар үшін 787 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.