Елде криптовалютаға қатысты талаптар күшейтілмек. Осылай деген Ұлттық банк төрағасы бұл ұсыныс Үкіметке жолданғанын айтты. Ол ұлттық валютаны криптовалютаға айырбастауға, оны түрлендірумен айналысатын компания қызметіне тыйым салуды көздейді. Бас банкир «Қаржыгер болсам да, криптовалюта дегенді толық түсінген жоқпын» деп ағынан жарылды. Валютаның қыр-сырын білмей, оған қаржысын салғандардың алданбасына кепіл жоқ. Ал олар "үкімет ескертпеді деп шу көтеруі мүмкін" деді Данияр Ақышев. Сондықтан тәуекелі көп қаржы операцияларының алдын алуымыз керек деп отыр.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Бұл қаржы құралы ештеңеге бекітілмеген, түп тамыры жоқ деуге болады. Ал құнының уақыт өткен сайын көтеріліп жатқаны алыпсатарлардың қолымен жасалған әрекет деп ойлаймын. Және бұл валютаның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Егер бір күні жұрттың биткоинға салған қаржысы желге ұшса, "мемлекет қайда қарады?" деген сұрақ туындайды. Сондықтан бұл операциялардың өте қауіпті тәуекелге құрылғанын қазірденақ ескертемін!
Айта кетейік, Қазақстанда қазір бес бірдей криптовалюта алмастыру пункті бар. Тәулігіне 20-ға тарта операция жасалады. Бұл жөнінде «Капитал» ақпар таратты. Бүгін бір биткоин 1 миллион 700 мың теңгеге сатылған. Сондай-ақ Ақышевтың сөзінше, бірқатар банктердің Ұлттық банкке берген өтініші қанағаттандырылған. Жарғылық капиталы 45 миллиард теңгеден асатын, бірақ кредиттік көрсеткіші төмен 4 банкті сауықтыруға 410 миллиард теңге беру жоспарланғаны туралы бұдан бұрын хабарлаған едік. Олар - АТФ банкі, Еуразиялық банк, Цесна банк пен Центркредит банкі.