Атырауда жалғызбасты әжейдің 2 бөлмелі пәтерінен 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Көршілері жағымсыз иіс пен көртышқандардан мезі болғандарын айтып жергілікті билікке бірнеше мәрте шағымданған. Қарияның даладағы қоқысты үйге таситын әдетін де байқапты.
Александра ПАК, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Алдымен үйімізде қоңыз-тарақандар,одан кейін басқа да белгісіз жәндік түрлері қаптай бастады. Кеше келсек, балконда он бес шақты атжалман жүр. Соның бәрін телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жібердік. Өзімен жайлап сөйлесіп, бұл мәселені шешпекші де болғанбыз, бірақ, бізге жұдырық ала жүгіріп, тіпті маңына жолатпайды.
60 жастағы Наталья Афанасьева тіпті тамақты да қоқыстан әкеліп жеген. Көршілерінің айтуынша бұл пәтер су, жылу, жарықтан әлдеқашан ажыратылған. Тұрғындар арызынан соң, пәтерге әкімдік өкілдері, полиция барды. Олар іштен ескі жиһаз, киім-кешек, металл қалдықтарына толған пәтердегі қоқысты сыртқа шығарды. Мұнан соң пәтір ішін тазалауға арнайы тазалықшы мекеме мамандарын жұмылдырылған. Қарияның кеңес кезіндегі құжаты жаңартуға беріліпті. Өзін әлеуметтендіру орталығына орналастырған.
Әлия ЖАМИТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері құжаттарды қалпына келтіргеннен кейін оған тиесілі барлық мемлекеттік төлемдерді рәсімдеумен айналысады. Атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, немесе басқа да жеңілдіктер тиесілі болса, соны алып беруге жұмыс істейді.