Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылысы бірнеше күнге жалғасуы мүмкін - Ө. Шөкеев

AstanaTV
24.06.2019ж. 20:00
5092
Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылысы бірнеше күнге жалғасуы мүмкін - Ө. Шөкеев

Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі қару-жарақ қоймасындағы жарылыс бірнеше күнге жалғасуы мүмкін. Өйткені төтенше жағдай аумағы өте үлкен. Бұл туралы облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданында өткен жедел брифингте айтты. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Оқиға орнында болған Айзада Төребекқызы тарқатады.  

Арыс қаласындағы алғашқы жарылыс таңғы 9:20-да тіркелген. Алғашқыда алаңсыз болған халық оны бейнекадрлар жасап, әлеуметтік желіге бірінен соң бірі жүктеп жатты. Қауіптің күшейгенін сезген жұрт үдере көше бастады. Жолдарда кептеліс туындады. Көлігі бары көлікпен, жоғы жаяу-жалпылай қырға қарай бет алыпты.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Оның қазір бүкіл масштабын анықтау мүмкін емес. Бірақ жағдай күрделі деп айтуға болады. Сол себептен қазір облыста төтенше жағдай хабарланды. Арыс қаласына кіре берісте үш жерде штаб құрылды. Әзірге біздің жағдайды саралап шешімге келгеніміз кісілерді максималды қаладан алып шығу жұмысын жасауымыз керек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Арыс қаласындағы жарылыс әлі де саябырсымаған секілді. Қазір сағат түскі екіден асты, қазірдің өзінде оқтын-оқтын жарылған дауыстар естіліп қалып жатыр. Мен қазір қаланың ту сыртында, шамамен 10 шақырымдай жерде тұрмын. Өйткені қалаға ешкімді жақындатып жатқан жоқ. Айта кетейін, таңертең жарылыс болған кезде қаладан қашып шыққан жұрттың біразы әлі жаяу-жалпы орта жолда келе жатыр. Барлығы да су сұрап, кездескен көлікке тіпті артына болса да мініп кетуге, діттеген жеріне жетуге тырысып жатыр.

Дей тұрғанмен, түсіру тобына қалаға айналма жол арқылы кірудің сәті түсті. Қала құдды соғыс болып жатқандай әсер қалдырады. Асфальттар ойылып, көліктер бүлініп, үлкен снарядтар жолда шашылып жатыр.

- Көмек жоқ, ешқандай көмек жоқ. Балалар жылап жатыр. Әр жерден теріп алдық балаларды қазір.

- Көмек жоқ. Қырда бәрі халық қырылып жатыр адамның бәрі.

Ашынған халық жарылыстың алдын алуға, тіпті қаладан ертерек шығып үлгеруге мүмкіндік бар еді, дейді. Олардың кейбірі әскери бөлім жақта қызыл жалынның шыққанын таң намазы кезінде байқапты. Дегенмен арты мұншалықты алапат жағдайға әкеп соғар деп еш оймағандарын айтты. Тіпті ескерту дабылы да қағылмады, дейді ашулы халық.

Клара АЛИЕВА:

Әлі ана жақта көп. Моланың қасында отыр. Жыраларда отыр. Пойыз жолдың қасында тұр. кәдімгілдей снарядтар атылған кезде снарядтар қасымызда жарылып жатты ғой. сол жерден аттап-пұттап ап шықтық адамдарымызды. Адамдарымыз аман.

Гүлнар ӘБУ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйге кірсем балаларым ұйықтап жатыр еді, сүйрей-мүйрей келінімді немеремді алып сүйреп әкімшілікке қарай қаштық. Артымыздан атылып, ұшып жатыр ғой. снарядтар ұшып... Мына қырмен жаяу қашып келдік. Осы жерге жеттік қазір. Ештеңе алған жоқпын. Не су жоқ, ештеңе жоқ. Қазір ана жерде өзеннің суы, сол жерден алдық мына суды да.

Жергілікті биліктің дерегінше Арыс қаласында 45 мың халық тұрады. Осы төңіректегі 15 шақырымға дейінгі аумақтан халықты көшіріп жатыр. Азаматтарды көршілес ауданның мектептері мен лагерьлерге жайғастыру жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Олар 4 бағытқа көшіріліп жатыр.

Нұрлыбек СҰЛТАНХАНОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Шамамен 400-500 адамды орналастыруға мүмкіндігіміз бар. Адамдар эвакуацияланып, келіп жатыр. Тамақпен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп жатырмыз. Төсек орындармен қамтамасыз етеміз. Психолог, балалар дәрігері және басқа да дәрігерлеріміз осы жерде.

Жарылыс болған жерден қанша адам құтқарылғаны белгісіз. Қазір оқиға орна мыңға жуық маман жұмылдырылған. Оның ішінде құтқарушылар, полицейлер, қорғаныс саласының қызметкерлері де бар.

А. Төребекқызы