Негізгі / Жаңалықтар / Төтенше жағдай салдарынан сапарлары үзілген 8 мыңнан астам жолаушыға билет ақысы қайтарылады

Төтенше жағдай салдарынан сапарлары үзілген 8 мыңнан астам жолаушыға билет ақысы қайтарылады

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Шымкент, Түркістан, Түлкібас, Тараз, Шу, Шиелі және Қызылорда сынды 7 ірі темір жол станциясында жолаушыларды тасымалдаған 20 пойыз тоқтатылды. 8 мың жолаушы діттеген жеріне мерзімінде жете алмай қалды. Бұл жайында «Жолаушыларды тасымалдау» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады. Жолдан қалған адамдар теміржол вокзалдарында орналастырылып, азық-түлік және сумен қамтылған. Ұлттық компания 14 вагоннан тұратын пойыз құрып, төрт жүзден астам жолаушыны Қызылордадан Сексеуіл стансасына дейін жеткізген. Атыраудан Алматыға бет алған бұл адамдар сапарларын жалғастырған көрінеді. Ал жергілікті биліктің көмегімен бір жарым мыңға жуық жолаушы Тараз, Шымкент, Түркістан мен Қызылорда қалаларына автокөлікпен жеткізілген. Жалпы, екі күннің ішінде пойыз бен автобус арқылы барлығы сегіз мыңнан астам жолаушы тасымалданған. Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, сапары үзілген жолаушыларға билеттің ақысы қайтарылатын болады.

А. Құрманкин