«Алтай - Атырау арасы». Атырауда осындай атаумен түркі әлемі композиторларының халықаралық музыка фестивалі өтті. Мұндай шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Түркі жұртының тамыры терең тарихы мен рухани бірлігін насихаттауды мақсат еткен фестивальға ел музыканттарынан өзге Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанның танымал композиторлары қатысты.
Шара шымылдығы «Алтай-Атырау арасы» туындысымен ашылды. Композитор Балнұр Қыдырбектің бұл туындысы түрік халқының асқақ болмысын елестетеді. Өңір басшысы да ауқымды шараны тамашалауға арнайы келген. Ол "мәдениет, музыка, өнер де мемлекетаралық қатынастың нығаюына сеп болатынын, сондықтан мұндай шаралардың қажеттілігіне тоқталды.
Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Кезінде бір халық болып, тағдырдың талқысына түсіп, жан-жаққа шашырап кеткен кезде, соны басын жинаймыз, бір жерге жинаймыз, ойымыз бір жерде болады. Әркімнің өзінің ерекшелігін қазіргі таңдағы жетістіктерін пайдалана отырып, ортақ болған халқымызды, ұстанымды түркі тілдес халқымыздың, түркі елдерінің дамуына үлес қосам деп жүрген ниетініңіз қабыл болсын.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясы «Нарын» халық аспаптар оркестрі дәл осы кеште 18 шығарма орындады. Олар түркі халқының үздік туындыларын да нақышына келтеріп, көпшілікке паш етті. Бұл кештің ерекшелігі де сол - шетел шығармаларын қазақ ұлттық аспаптарында сүйемелдеу. Шетелдік композиторларды сүйсіндірген тұсы да осы еді.
Сардар ФАРАДЖЕВ, КОМПОЗИТОР /ӘЗЕРБАЙЖАН/:
Бүгінгі фестиваль өзіндік репертуарымен қызықты. Ұлттық аспаптарда түрлі елдің музыкаларын тыңдау ерекше әсер қалдырды. Жергілікті қазақ композиторлары да осында қатысып жатыр. Бұл жерден түрлі стильді аңғаруға болады. Бұл жерде музыкаға деген махабатты, елге, жерге деген махаббатты көреміз. Бұл - ең бастысы.
Айта кетейік, бұл фестиваль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Түркі әлемінің генезисі" жобасының аясында ұйымдастырылған. Оған Атырау облыстық әкімдігі мұрындық болды. Ұйымдастырушылар көрерменнің құлақ құрышын қандырған мұндай музыка мерекесін өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Б. Нәдірқызы