Арыстағы әскери қоймадан қару-жарақтар екі апта ішінде шығарыла бастайды. Сенат отырысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осылай деді.
Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ :
Арсеналды көшіру туралы Қарулы күштер бас қолбасшысының тапсырмасы бар. Екі аптаның ішінде қару-жарақтарды шығара бастаймыз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қаражат Үкімет резерінен қарастырылады.
Қарулы күштердің инженерлік әскерилері бұл іске кірісіп кеткен. Олар күн сайын таңғы 9-бен кешкі 8-ге дейін қару-жарақ қалдықтарын жояды. Қалғаны қаланың солтүстігіне қарай 60 шақырым жердегі арнайы жабдықталған полигонға көшіріледі. Ол бұрын қару-жарақ жоятын жер болған. Ал тасымалдауға келмейтіндерінің көзін сол жерде құртпақ.
Тимур ДӘНДІБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қару-жарақтарды жою кезінде тарсылыс естіледі. Ол халыққа қауіп төндірмейді. Қорғаныс министрлігі тұрғындарды дүрбелең туғызбауға шақырады. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталатын болады.
Қару-жарақты жою үшін ақша Үкімет резервінен бөлінеді. Қаладағы төтенше жағдайдың зардабын жоюға 35 миллиардқа жуық қаражат керек. Бүгін сенаторларға нақтыланған бюджет жобасын ұсынған Қаржы министрі осылай деді. Қалада 7 709 үй қирап, 49-ы тұруға мүлде жарамсыз болып қалған. 66 әлеуметтік нысан да жөндеуді қажет етеді. Ал әр тұрғынға берілетін 100 мың теңге төлем үшін 4,5 млрд теңге қарастырылып отыр.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Үкімет резервінен 15,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 10,6 млрд теңге, Самұрық-Қазынадан 6 млрд теңге, демеушілер мен қайырымдылық көмек есебінен 2,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Дегенмен барлық тексеру және есептеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін бұл цифрлар өзгеруі мүмкін.
Г. Меңдеева