$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбедегі арнайы операция кезінде 42 адам жауапкершілікке тартылды

AstanaTV
23.10.2017ж. 20:00
2656
Ақтөбедегі арнайы операция кезінде 42 адам жауапкершілікке тартылды

Ақтөбедегі арнайы операция кезінде 42 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Құқыққорғау органдары сауда үйіндегі ұрланған техникаларды сататындар үстінен шағым түскен соң арнайы шара өткізген. Мына бейнетүсірілімнен орталық базар маңындағы сауда үйін арнайы жасақтың қоршап, жас жігіттерді микроавтобусқа мінгізіп жатқаны көрінеді. Бұл сауда үйіндегі ұялы телефон жөндеумен және сатумен айналысатындардың түгелге жуығы "сақалды" жігіттер екенін қала тұрғындары жақсы біледі.

Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, 21-інші қазан күні ұялы телефондар ұрлығы бойынша бірнеше іс-шара жүргізіліп, 100-ден аса байланыс құралы тексерілген. Жауапқа тартылған 42 адамның белгіленбеген аумақта сауда жасағаны және арнайы тіркеусіз тұрып жатқаны анықталған. 

Нұргүл Қонақбаева, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204 бабымен рұқсат етілмеген жерде сауда жасағаны үшін, 12 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 492 бап бойынша, яғни тіркеуісіз тұрғаны үшін де, 30 әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция бөліміне жеткізілгендермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ оларға салық төлеуші ретінде кезекке тұруға кеңестер берілді».

Жақсыбек КЕМАЛ