Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Баян мен Тамара. Астана күніне орай эссе орнына

AstanaTV
06.07.2019ж. 20:00
4123
Баян мен Тамара. Астана күніне орай эссе орнына

 Баян және Тамара есімді келіншектермен танысқан тілшіміз Ақерке Бектастың материалын тынбай еңбектенген адамның, тіні мықты, қайтпас қайсар адамның тіршілігі толымды болатынына дәлел ретінде ұсынамын. Ондай жандардың философиясы да, пайымы да, позициясы да мықты. Нанын адал тапқандар есіріп, есеңгіремейді, қиқуламайды, тіпті өмірден баз кешпейді. Сондықтан астана күніне орай Баян мен Тамара сияқты жандарды кейіпкер ретінде аламыз, басқаларды емес...

Апалы-сіңлілі бұл келіншектер үшін тірлік атаулының бәрі тек тәтті сәттіліктен тұратындай көрінді. Айтқанын ықылас бөліп тыңдасам, армандар асқақ болуы керек екенін олардың да өмірі дәлелдейді. Бірақ арман қиял емес, шынайы болуы керек.    

Баян Ахатаева, кәсіпкер:

Балам бесікте жатқан кезде біз «Бәйтеректі» армандап, теледидардан қарап отырамыз. Ауылда, бір шеткі ауылда. Жолдасым полиция қызметкері болды. Сол кезде мен балама уәде бергенмін. Сен 5 жасқа келгенде мен сені «Бәйтерекке» шығарамын деп. Енді Алла аузыма салған шығар. Балам 4-тен 5-ке қараған кезде жолдасым қызмет бабымен астанаға ауысып келді.

Баян мен Тамара үшін бұл жақтың үскіні қатты. Нойыс желдiң өтіндегі қалаға арман арқалап келген екеуінің отбасы талай қиындықты бірге өткерген. Бірақ қайрат пен еңбек, арманды тұмшалап алған жоқ. Ақыры шұрайлы шаққа аяқ басты.

Баян Ахатаева, кәсіпкер:

Мынадай бір фильм болған. Көптің есінде болар «Москва слезам не верит» деген. Астана да дәл сондай. Қатты қала. Әртүрлі жағдайларды бастан кешірдік. Тіпті айтып-айтпай не керек қиын күндерді бастан өткердік. Бірақ біз қайтпадық. Қайтпас қайсар, қайратты адамдарды жақсы көреді астана. Қайратты бола жүре қатты болып кетпеу керек.

Апалы-сіңлілі елордада жеке балабақша ашып, кәсіп қылып отыр. Қазір 100-ге жуық бүлдіршін осы бөбекжайға келеді. Бауырлар балалардың ішкен асынан бастап жататын жеріне дейін бәрін жіті қадағалайды. Өйткені аманатқа қиянат жасау оларға жат дүние.

Тамара Ахатаева, кәсіпкер:

Баланың тамағы деген біз үшін – үлкен жауапкершілік. Балалар күнделікті 5 мезгіл тамақ ішеді. Сол тамақтың құнарлы, құнды болғаны біз үшін өте маңызды. Сондықтан Баян екеуміз ол жұмысты ешкімге сеніп тапсырмаймыз. Жеке өзіміз қарап алып жүреміз. Басқа жұмысты тапсыруымыз мүмкін. Бірақ тамақты Баян екеуміз таңдап жүріп аламыз. Себебі баланың денсаулығы біз үшін өте маңызды.

Баян Ахатаева, кәсіпкер:

Елдің баласы бұл тек табыс көзі емес, бұл – үлкен аманат. Ел баласын әкеліп тапсырғанда көзі мен ағының қарасы, оны аманат етіп тапсырады. Аманатқа қиянат жүрмейді.

Баянға бұл бүлдіршіндер көктемнiң көгiлжiм шуағы секілді. Оларға қарап, кіршіксіз тазалықтан айнымауды үлгі етеді. Бұл уақытта етек жайған кереғар құбылыс, көзбояу әрекеттермен көңілге лай салғысы келмейді. Біреуді қаралай отырып, жақсылық күткен ол үшін – табиғи заңсыздық.

Баян Ахатаева, кәсіпкер:

Мына балалар кіршіксіз таза, пәк балалар ғой. Өтіріктен ада, тағы да басқа нәрселерден ада. Осы пәктікті, шынайылықты біз көбіне көп ұмытып келе жатырмыз қазір. Көбінесе бір жағынуға, жасандылыққа бейім болып бара жатырмыз. Айналаңда жақсы адамдар жиналу үшін адамның өзі жақсы болу керек. Өзі адал болу керек. Мен бір кісіні алдай отырып, ол кісіден адалдық күткенімнің өзі табиғи заңсыздық болар еді.

Байқасақ, Тамара мен Баян секілді елордаға үміт іздеп келген қаншама жан айналамызда жүр. Қауырт тіршілігі біте қайнасқан қала ешкімге байыз таптырмайды. Мұндағы өмір ертегі емес, дегенмен адамдар саны күн санап көбейіп келеді. Үлкен мүмкіндіктер ғана емес, бұл – ел астанасы, қазақ жерінің кіндігі, мыңжылдықтардың еншісі. Олай деуге де негіз көп. Кезінде хан Кене жаудан азат еткен Ақмола бекінісі – елорданың бүгінгі бейнесі емес пе?!

Өмірбай Бекмағанбетов, тарих ғылымдарының кандидаты:

1832 жылдың 22 тамызында ресми түрде Ақмола бекінісі ашылды. Ресми деректерге қарасақ, сол уақыттың өзінде бұл жерде 130 мыңнан астам қазақ халқы тұрған. Жергілікті халықтың осы жерде өзінің ата қонысы ретінде санауы, екіншіден сауда жолдарының түйіскен жері болғандықтан, үшіншіден қазақтардың жайылымы болғандықтан бұл жер патша әкімшілігін қатты қызықтырды. Кейін бекініс Кенесары Қасымұлының да шабуылының басты нысанына айналды.

Талай тағдырды тоғыстырған да осы шаһар. Біреулер мұнда кәсібін өрге сүйресе, енді бірі бақытын тауып жатыр. Арманы ақиқатқа айналған жандардың көбі еңбекқор адамдар екені сөзсіз.

Баян Ахатаева, кәсіпкер:

Алла тағала әркімнің өзінің ниетіне қарай береді деп ойлаймын. Табыс көбірек келіп жатса, табысымыз молайып жатса, ол біздің кәсібіміздің ары қарай өркендеуіне, демек біздің халыққа пайдамыздың одан да көбірек тиюіне оң әсерін береді. Бұл да жаман нәрсе емес. Егер адалынан болса, астың көп болғаны жақсы.

Тамара Ахатаева, кәсіпкер:

Кейде сабырсыздық танытамыз. Бәрі бірден бола қоймайды деп ойладық. Тек қана менде ғана қиыншылық болады деген де адамдар болады ғой. Негізі Алла тағала қиыншылықты иығы, мойны көтере алатын адамға ғана береді. егер сенің басында осындай қиыншылық болып жатса, демек сен соны жеңіп шыға аласың деген сөз. Оны көтере алмайтын адамға бермейді.

Ақерке Бектас, тілші:

Елорда парасат-пайымы, таным мен түйсігі ұштасқан адамды адастырмаса керек. Шыңдалып, адал еңбек сый боп келер деп мен де кеше келгенмін. Әрине, әрекет қылғанның берекеті қашпайды. Бірақ қайбір қиындыққа қасқайып тұрып қарайтын қайсар мінез бәрімізге керек-ақ. Тек бәз біреулерше өмірден баз кешіп, еңсемізді зіл баспасын...

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»