Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Өртенген үй сақтандырылған" - "BI СLIENTS"

AstanaTV
10.07.2019ж. 20:00
2162
"Өртенген үй сақтандырылған" - "BI СLIENTS"

«Британия кварталы» элиталы үйі өртенді. 4 пәтер тұруға жарамсыз болып қалған. Далада қалған тұрғындар 3 күн төрт жұлдызды қонақүйлерде күнелтеді. Кейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанша жалдамалы пәтер берілмек. Данияр Қайыртай толықтырады. 

Тұрғындардың қара түтінге булыққан қымбат үйлерін сырттан бақылағаннан басқа амалы жоқ. Көпшілігінің қолында телефон - бірі камераға түсіріп әлек, енді біреулері бас амандығын білдіріп, жақындарымен тілдесіп жатты. Ал мына кісі көрпемен амалдап қашып шыққандай. Баспанасы мен бағалы мүлкін ойлап, көзі мөлдіреп тұрғандары да болды. 

- Өрт сөндірушілер сусыз келді ме, сосын сатылары жоғарғы қабатқа жетпей тұрды ма, әйтеуір үйдің жалындап жатқанын қарап тұрдық бәріміз. Шамамен, бір сағаттан кейін ғана өртті өшіре бастады. 

Өрт сөндірушілер жалынды екі жағынан сөндірдік деп отыр. Ал су жетіспеушілігімен проблема болғанын жасырмады. 

Марғұлан АМАНБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Өрт сөндіру машинасында 5 тонна су болады. Ол мөлшермен алғанда 7-ақ минутқа жетеді. Біздің бірінші міндет - адамдарды құтқару, қауіпсіз жерге көшіру.

Владимир БЕККЕР, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Сумен проблема болды. Екі гидрант іске қосылды. Бірақ қысымы аз болған соң су арнасына хабарласып, қысымды көбейтуді сұрадық. Цистернадағы су таусылған соң, суаруға арналған машиналарды да жұмылдырдық.

Төтенше жағдайлар комитетінің хабарламасына сенсек, жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптары ескерілмеген. Қызыл жалын 3 сағатта әрең дегенде сөндірілді. Тұрғын үйдің 600 шаршы метрі өртенді. Жөндеу жүргізген құрылыс компаниясының заңгері үйдің сақтандырылғанын айтып отыр. Шығын есептеліп, өтеледі деп сендірді. 

Ержан ИСМАГИЛОВ, «BI СLIENTS» ЗАҢГЕРЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 

Үйді сақтандырушы компанияның өкілдері осында келді, көрді. Енді солармен бірігіп, мән-жайды анықтаймыз. Тұрғындарға барынша көмек көрсетеміз.

Өрттен зардап шеккендер жоқ. Айтпақшы, оқиға орнына астана әкімі Алтай Көлгінов те келіп-кетті.  

Д. Қайыртай