Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылының тұрғындары электр жарығын көршілерінен тартуға мәжбүр

Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылының тұрғындары электр жарығын көршілерінен тартуға мәжбүр

Солтүстік Қазақстандағы Бескөл ауылында электр жарығы тапшы. Соңғы жылдары жаңадан үй тұрғызғандар токқа қосыла алмай, тастай қараңғыда күн кешіп келеді. Бұқара құзырлы органдарға сан мәрте жолыққан. Жауаптылар электр күшін не себептен таратпай отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин мәселе мәнісін біліп көрді. 

Алма Айтмағанбетова Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының шетінен 2014 жылы жер алып, үй тұрғызған. Коммуналдық жүйелерді кіргізе алмайтынын ол құрылыс біткеннен кейін бір-ақ біліпті. Қазір жарықты көрші тұрған баласының үйінен тартуға мәжбүр.

Алма АЙТМАҒАНБЕТОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Светтің жоқтығы әсіресе қысты күні қиын. Өйткені біз пешімізді насоспен жағамыз. Кейде газға бірдеңе пісірейін десең, печкасын қосып, сол кезде анау сөніп қалады. Сосын балам келіп, мама бірдеңені артық жақтыңдар ма деп ренжиді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Көршілерден алынған токтың күші аз болған соң, үйді түгел жарықпен қамту мүмкін болмай отыр. Сондықтан қараңғы түссе болды, тұрғындар жалғыз ләмпішкелерін ұстап бөлмеден бөлмеге көшіп жүруге мәжбүр. Жарықтың тапшылығынан тығырыққа тірелген жұрт тіпті қауіпсіздік шараларына мән бермей отыр.

- Сабақты оқығанда ләмпішкені мына жерге ілеміз. Осы жерде отырып сабақ оқимыз. Балалардың көздеріне уже очки прописали. Нашар көреді.  

Жарыққа жауапты кәсіпорын токтың кернеуі төмен болғандықтан, маңайда тұрған трансформаторларға қосылуға рұқсат бермей отыр. Жарықты жоғары вольтты бағандардан тартуды ұсынған. Алайда, ол үшін бөлек трансформатор орнату қажет.   

Жұлдыз СӘУКІМОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жерден линия өтіп тұр, дәл біздің қасымыздан. Содан алып, өз трансформаторларыңды қойыңдар дейді. Трансформатордың құны 500 мыңнан басталады. Құр өзі ғана. Одан кейін столбылар алу керек, сосын сип, провода сияқты ұсақ-түйектері бар. Солардың өзі бір жарым миллионға шығып тұр. Оны біз тарта алмаймыз.

Бүгінде аудан орталығындағы 50 шақты үйге жарық жетпей тұр. Жергілікті билік өкілдері ауылдың қарқынды ұлғаюынан инфрақұрылымды барлық жерге тартып үлгермей жатқандарын айтады. Сондықтан атқамінерлер «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасына үміт артып отыр. 

Марат ЕСКЕНДІРОВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бескөл ауылы бойынша бізге 250 киловаттық 5 трансформаторлық қосалқы станция керек. Оның біреуін біз биыл алып орнатамыз. Тағы төртеуінің жобалық сметалық құжаттамасы жасалады. Оны келесі жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарда бар.

Жыл аяғына дейін он шақты үйге жарық кіргізіледі. Ал қалған тұрғындар қосымша трансформаторлар орнатылмайынша, көршілерге күні қарамақ.  

А. Құрманкин