Алматыда ерекше жиын ұйымдастырылды. Отбасындағы ер адамның рөлі мен отбасылық құныдылықтардағы орны талқыланған әкелер форумы өтті. Оның жұмысына аймақтардағы ең үлгілі деген әкелер шақырылған. Ал осыдан 6 жыл бұрын құрылған "Әкелер одағы" жиында талқыланған проблемалар қорытындысы бойынша арнайы резолюция қабылдады.
Артур Бақтияров форумға Астанадан арнайы келген. Жеке кәсіпкер отбасын асырау үшін табыс табудан бөлек, уақытының едәуір бөлігін бала тәрбиесіне арнайды. Бірлестіктің отырысына да баласын жетелей келген. Отбасылық институттың тірегі екенімді үнемі есте ұстаймын дейді.
Артур Бақтияров, Астана қаласының тұрғыны:
Үлкенім осы. Бұл қазір бірінші сыныпқа барып жүр. Кіші қызым балабақшада. Анасы күндіз жұмыста кешке дейін қол тимейді. Ылғи жиналыстарға мектепке шақыртқан жерлерге мен барамын. Әке тәрбиесін алып өстік, өзім де соны балаларыма беріп жатырмын.
Әкелер форумы биыл екінші рет өтіп отыр. Шараға Президент жанындағы әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат ұлттық комиссиясы ұйытқы болды. Елбасы жарлығымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасы бекітілген. Әкелік институтты дамыту мен үлгілі әкелерді насихаттау тапсырмасы да бар. Елімізде "Әкелер одағы" бірлестігі белсенді жұмыс істеп келеді.
Қуаныш Жұматаев, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Әкенің қоғамдағы рөлін арттыруға мән беріп отырмыз. Біздің ұйымның жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болды. Былтыр Астанада өткен форумнан соң бірлестік өкілдері денсаулық сақтау және білім министрлігі жанындағы жұмысшы топтарға сарапшы ретінде қатыса бастады.
"Әкелер одағы" бірлестігіне 70-тен астам адам мүше. Республиканың барлық аймақтарында бөлімшелері құрылған. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы дағдарыс орталықтарын құрып, әкелер арасында насихат жұмыстарына мән бермек. Алимент төлемейтін жауапсыз әкелерді жауапқа тартуға көмек қолын созуға да ниетті
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Бірлестік
тек үлгілі отбасыларды насихаттап қана қоймайды. Әлеуметтік тұрғыда қажыған,
отбасын асырауда қиындыққа тап болған әкелер мәселесімен де айналыспақ. Ол үшін
мемлекеттік органдармен ықпалдасып, ішкілікке салыну, жұмыс таппай жүрген ер
адамдарға қол созуды ойластырып отыр. Онымен аймақтардағы дағдарыс орталықтары
айналысатын болады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ