Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

2000-ға жуық қазақстандық бүгінге дейін заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алып келген

AstanaTV
23.07.2019ж. 20:00
3804
2000-ға жуық қазақстандық бүгінге дейін заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алып келген

Зәулім үйде тұрып, джип мініп, мемлекеттен жәрдем сұрау. 2000-ға жуық қазақстандық бүгінге дейін заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Бұл туралы Үкімет үйіндегі брифингте Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова айтты. Қазір олар ақшаны мемлекетке қайтарып жатыр. Қайтармағандар ісі- сотта қаралады. Алматы әкімдігі- күні кеше, заңсыз жәрдемақы алғандардың үй-жайларын жария етті. Ал, шын мұқтаждар туралы Абай Сейфулла айтады.

- Сен ол жерден өз несібеңді алып қалатын жетім-жесірсің ба? Айналдырған екі балаңды баға алмай жүрсің ба? Үйің жетеді. Дүние-мүлкің жетеді. Не керек одан артық?

- Мен саған баға алмаймын дедім ба? Соны үкімет шынымен бөліп беріп жатыр дейсің ба? Берсе бір-екеуіне көз қып береді. Қалғанын бөліп алады. Несібемізді алып қалайық. Өкіметтің ақшасын аяйсың ба? Алудың жолын айтайын саған. Былай қыл. Үйдегі дүние-мүліктің бәрін көршіге бер. Үтікке дейін беріп жібер...

«Шаншар» әзіл-сықақ театрының бірнеше жыл бұрын айтқаны бүгін де маңызды болып тұр. Ал шын мұқтаждар көмектің қызығын енді ғана көре бастады. Алматылық жалғызбасты ана Марина Ничкованың кәмелетке толмаған алты баласы бар. Кенжесі бір жасқа толғанға дейін жәрдемақы алып келген. Ал төлем уақыты біткенде, материалдық жағдайының әлсіреп қалғанын жасырмайды. Кейін атаулы әлеуметтік көмек бұйырды. Қазір ай сайын 142 мың теңге алады.

Марина НИЧКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Балаларды қамтамасыз ету қиын болды. Қажеттілік көп. Ал қазір өзімізге аздап жарата аламыз. Алғашқы түскен ақшаға балаларыма велосипед, бассейн алып бердім. Әжеміздікіне «машинка» орнаттық. Сол, бәрі балалардың керегіне жұмсалып жатыр.

Алматыда жыл басынан бері 7000 нан аса көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмек алған. Алайда олардың 300-і қаржыны мемлекетке қайтаруы тиіс. Себебі әлеуметтік әл-ауқат басқармасы аталған отбасылардың алаяқтығын әшекерелеген.

Диляра ИМАНҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз қаладағы 3784 үйге кіріп шықтық. Көмек алатындар санатына мүлдем жатпайтын отбасылар табылды. Қазірдің өзінде алған ақшаларын қайтаруға 299 отбасы міндеттеліп отыр. Жағдайлары өте жақсы, зәулім котттедждерде тұрады. Бір емес, қос-қостан мәшинелері, дүкендері бар.

Әлеуметтік көмекті алу мәселесі бүгін Үкіметтегі брифингте де айтылды. Гүлшара Әбдіхалықова республика бойынша мұндай пысықайлар саны 2000-ға жуықтайтынын мәлімдеді.

Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өкінішке қарай, елде жақсы бір іс қолға алынса, артынша-ақ соның арқасында пайда көріп қалғысы келетіндер табыла кетеді. Олар да жақсы көмек алғылары келеді. Кейде табыстарын жасырады, кейде жалған ажырасады, тағысын тағы. Сондықтан біз еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен аймақтарды аралайтын бірнеше топ құрдық. Олар зәулім үйі, қымбат көлігі барларды түсіріп алды.

Әбдіхалықованың мәліметінше қазір әлеуметтік көмек 240 мың отбасыға беріледі. Олар - әлеуметтік әлсіз топқа жататындар, отбасы мүшелерінің жалақысы 42 мың теңгеден аспайтындар. Заң бұзғандардың біразы өз еркімен ақшаны қайтарып жатыр. Алматыда 53 отбасы «қарызынан» құтылды. Қалғандарының ісі сотқа өтіп кетуі де ғажап емес. Ал арнайы комиссия өкілдері тиісті ақшаның шын мұқтаж жандарға жетуін қатаң қадағалай береді.

А. Сейфулла