$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарское ауылының тұрғындары елді мекеннің мәртебесін ауыстыруға қарсы

AstanaTV
20.10.2017ж. 20:00
3134
Павлодарское ауылының тұрғындары елді мекеннің мәртебесін ауыстыруға қарсы

Ауылдық тіркеу керек емес! Кереку шаһарына қарасты Павлодарское елді мекенінің тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Бұған себеп - жергілікті биліктің ауылды «қала» статусынан айырып, аудан орталығына ауыстыру туралы шешімі. Мәртебе өзгерсе, бұқара бірқатар игіліктен қағыламыз деп қорқады.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған Нина Ермолаева 4 жыл бұрын қаладан пәтер алуға кезекке тұрған. Перзентін күн сайын мамандандырылған мектепке таситын ол алдағы бір жарым жылда жаңа баспанаға қол жеткіземін деп үміттенген. Ауылдың мәртебесі өзгерсе, бұл арманым келмеске кете ме деп алаңдайды.  

Нина Ермолаева, Павлодарское ауылының тұрғыны:

Қызым оқитын мектеп қалада, әрі оңалту шаралары да сонда жүргізіледі. Ауылға ондай білікті дәрігерлер келмейді. Егер біз ауданға айналсақ, осы игіліктерден айрыламыз. Мектеп те, оңалту да, пәтер кезегі де жоқ болады!

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарское ауылының қалыптасқанына 92 жыл. Тұрғындардың айтуынша, осыдан 30 жыл бұрын елді мекенге қала статусы берілген. Бүгінде мұнда 7 мыңнан астам тұрғын тұрады. Оның тең жартысы еңбекке қабілетті, ересек адамдар. Бұқараның айтуынша, халықтың 95 пайызы ауыл мәртебесін өзгертуге қарсылық білдіруде.

Жан айқайын жеткізуге жиналған қауым ауылдың «аудан орталығы» болуына үзілді-кесілді қарсы. Бірақ сөзімізді құлаққа ілер ешкім жоқ деп налиды. Билік өкілдері жиын өткізген. Тек ол басқосуға біз шақырылмадық, дейді.

Несіп Жүнісова, Павлодарское ауылының тұрғыны:

Маған ешкім келіп, жиналыс болады, келіңіз деп, өз пікіріңізді айтыңыз деп айтқан жоқ. Ол мұғалімдерді, балабақша қызметкерлерін, бюджетниктерді апарады, ал олар қорқады.

«Шаһар» мәртебесінен айрылсақ, қалаға тікелей қатынайтын бағыттық автобус та тоқтайды, деп алаңдайды көпшілік. Қоғамдық көліктің жолақысы 85 теңге болса, қалааралық автобус құны 250 теңге. Әрине, бұл қарапайым халықтың қалтасын қағады. Өйткені тұрғындардың басым бөлігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Ал билік өкілдері бұл өзгеріс елді мекенді ғана емес, ауданның да мүмкіндігін арттырады,- деген сенімде.  

Александр Бабенко, Павлодар ауданының әкімі:

Республикалық қаржыландыру болады. Оған біз ауылда су таратқыш, жылумен қамту орны мен жаңа электр станциясын саламыз. Айналып келгенде, Павлодарское ауылы мен Павлодар ауданы қосымша республикалық трансфертке қол жеткізеді.

Аудан әкімі мәселе заңды тұрғыда шешіліп жатқанын айта келе тұрғындардың шамдануы олардың жеке қалауы,- деп қысқа қайырды. Ал заңгерлер, бүтін бір елді мекенге қатысты шешімді шығармас бұрын, билік жан-жақты сараптау жүргізуі қажет, халықтың пікірін тыңдау да маңызды, деп санайды.

Владимир Борман, заңгер:

Халық толық қолдамайынша, статусты өзгерту туралы мәселені бір жақты шешу дұрыс емес деп санаймын. Бұл демократия мен қарапайым тұрғындардың мүддесіне қайшы келеді. Ауылдықтардың ұстанымы қате деген күннің өзінде, олардың пікірі ескерілуі керек. 

Дегенмен, бұл іс толықтай жүзеге асу үшін, үкіметтің келісімі керек, және соңғы нүктені өңір басшысы мен облыстық мәслихат қояды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ