Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтауда 1 тәулікке қамалған дәрігер сотқа шағымданбақ

AstanaTV
25.07.2019ж. 20:00
2324
Ақтауда 1 тәулікке қамалған дәрігер сотқа шағымданбақ

3-4 күннен бері ыстығы көтерілген баланы ауруханаға әкелген әкесі мен әжесі кезек күте алмаған. Баланың денсаулығына алаңдаса керек, қария кабинетке кіріп, айғай шығарыпты. Қолы сынған баланы қарап жатқан кезекші дәрігер сабыр сақтауын өтінеді. Бірақ жанжалға баланың әкесі араласып, балағат сөздер айтылыпты. Дәрігер соған қарамастан балаға медициналық көмек көрсеткен. Ал бір айдан соң сотқа шақырылып, ұсақ бұзақылық бабымен қамауға алыныпты.

Гүлмира СҮЙЕУОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІК СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Бейнетүсірілімнен жәбірленушінің кезектен тыс кіріп, айқай шығарғаны, дәрігер қатты дөрекі сөйлеп жауап бергені, қолдарын сілтеп сөйлеп отырғаны түгел көрініп тұруына байланысты әкімшілік жауапқа тартылды аталған азамат.

Прокурор балалар хирургы Насукан Отарғазиевті 2 күнге қамауды сұрапты. Бірақ сот 1 тәулікке жабуды бұйырған. Дәрігер ауруханада мұндай дау-дамай күнделікті болатынын айтады. Наурыз айында да осыған ұқсас жағдай болған. Бірақ 15 жылдық тәжірибесі бар маман бұлай болар деп ойламапты. Балағат сөзді келушілерден естідім деген ол тіпті сот кешірім сұратуға мәжбүрлегенін айтты. Әйтпесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін еді.  

Насукан ОТАРҒАЗИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГЫ: 

Cотта барған куәнің сөзі тыңдалған жоқ, таспадағы түсірілімді де ешкім қараған жоқ. Баланы әкеліп, көмек беріп және солардың жазған заявлениесі бойынша төрт қабырғаға қамалып, күн өткізу оңай емес әрине. Біздің жұмысымызға жөндеп қарағанда бұл орынсыз деп санаймын.

Сот шешімімен балалар ауруханасының басшылығы да келіспей отыр.  

Азамат СӘРСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Балалар ауруханасының әкімшілігі 7 күннің ішінде апелляцияға беретін болады.

Дау шығарған әйел де жазықсыз қалмаған. 2-ші топ мүгедектігі мен егде жасы ескеріліп, 12 жарым мың теңге айыппұл салыныпты. Ал дәрігер олардан моральдық және материалдық шығынды қайтаруды көздеп отырған жоқ. Оны жазықсыз жазаланғаны ғана емес, қозғалған істің арына нұқсан келтіретіні де алаңдатады. 24 сағатын тар қапаста өткізген хирург әзірге өзіне келе алар емес. Сондықтан демалыс алыпты.  

Г. Меңдеева