Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Алматыдағы жатақхана тұрғындары жиырма жылдан бері жылуға зәру

AstanaTV
20.10.2017ж. 20:00
3030
Алматыдағы жатақхана тұрғындары жиырма жылдан бері жылуға зәру

Алматыда әлі күнге дейін электр жылытқыштармен күнелтетіндер бар. Медеу ауданына қарасты 3 қабатты жатақхананың тұрғындары қыс түссе болды, өлместің күнін кешеді.  Жекешелендірілген нысан орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Қазандық та, бөлмелер мен дәлізге тартылған жылу желілері де жоқ. 20 жылдан бері электр жылытқыштарын қосатын жұрт, қатты суықта оның да қуаты мардымсыз дейді. Амалы таусылған тұрғындар әкімдікке шағымданған, алайда нәтиже болмай тұр. Олжас Нұржақып тарқатады

Салынғанына жарты ғасырдан асқан жатақхана ядролық физика институтының қарамағында болған жылдары орталықтандырылған қазандық арқылы жылытылған. Ал кейіннен жекеге өткен уақытта сол жылу жүйесінен толықтай айырылып қалады. Енді, міне, 20 жылдан асты, 70-ке жуық пәтер қыс бойы электр батареяларына телміреді.

Қуат Сұлтанаев, тұрғын:

2001 жылы келдім. Содан отопление жоқ. Электр қуаты дейді ғой, тоқпен отырамыз. Ол қауіпті дейді. Газ да жоқ. Біз КСК ештеңеге қарамаймыз. КСК алмайды бізді, үй ескі.  Акиматқа айтқанбыз. Неше жыл болды айтып шаршадық.

Жергілікті билікке шағымданып шаршаған жанның бірі - зейнеткер Галина Дүйсенбаева. Осынша жасқа келгенде жөндеу көрмеген әрі жылуы жоқ үйде тұрамын деп ойламаппын, - дейді шарасыз қария. Қақаған суықта уақытының көбісін мына электр жылытқыштың жанында өткізуге мәжбүр. 

Галина Дүйсенбаева, тұрғын:

Мен тұрып жатқалы 8 жыл болды. Содан бері отопление жоқ. Сырость, ремонт істелінбейді. Мұндағы жұртқа ешқандай көмек жоқ. Неше жыл шағымданып жатыр. Көмек жоқ бәрібір.

Олжас Нұржақып, тілші:

Жекешелендірілген жатақхананың жағдайы бүгінде мәз емес. Жылу жүйесінен естелік ретінде мына батарея ілмектері ғана қалыпты. Бұған да бейімделген тұрғындар өз қалталарынан қаражат жиып баспана шатырын жапқан, мынадай темір есік пен бейнебақылау камерасын да орнатыпты.

Ал Медеу аудандық әкімдігінің өкілдері, жатақханадағы жұрттың тағдырына аса алаңдамайтын сыңайлы. Жылу мәселесін қалалық энергетика басқармасы қарастырады деумен  шектелді.

Ермек Тілекенов, Медеу аудандық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Жатақханаға автономды жылу қазандығын салу туралы өтінішпен жыл сайын энергетика басқармасына хат жазамыз. Бірақ, мәселе қарастырылып жатыр ма, қандай кезеңге жетті, одан хабарым жоқ. Егер жылу қазандығын салуға рұқсат беріліп, қаражаты есептелсе, тұрғындар өз араларында басшы сайлап, жеке қаражатына батареялар орнатуы керек. 

Аталған басқарма өкілдері хатты алдық, дейді. Олардың дерегінше, жатақхана орналасқан Алатау ауылында орталықтандырылған қазандық бар. Тек жатақханаға жылу желісін тарту үшін алдымен құжаттама, содан кейін қаражат пен уақыт керек екен.

Рита Қалдыбай, Алматы қаласы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Қаражат бөлінген жағдайда жобалық құжаттама дайындап, аталған жатақхананы жылу желілеріне қосамыз. 2018 жылы жобалық сметалық құжаттаманы бастасақ, 2019 жылы жылу желісіне қосылады.

Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ғана, жатақханаға жылу тартылады. Сондықтан  мұндағы жұрт әлі де бірнеше қысты үйреншікті электр жылытқыштарын қосып, өткізуіне тура келетін түрі бар.

Олжас НҰРЖАҚЫП