Алматы хайуанаттар бағының бірнеше қызметкері жұмыстан қуылды. Аз уақыттың ішінде алты аңның өлімінен соң комиссия ішкі тексеріс нәтижесімен осындай қорытындыға келген. Бұл туралы хайуанаттар бағының директоры Вячеслав Банщиков баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Естеріңізге салайық, соңғы бір айда екі арыстан, екі жираф, бұлан мен жолбарыс өліп қалған болатын. Банщиковтың айтуынша, бұл аңдардың бәрі инфекциямен, иммунитеті төмен болып туылған. Олардың балаларын қарапайым тұрғын сыйлапты. Бұл деректі арнайы құрылған комиссия анықтады. Ішкі тексеріс үшін арнайы сарапшы мамандар шақыртылған. Мамандар сондай-ақ директордың орныбасары мен ветеринарлық бөлім меңгерушісі міндетін уақытша атқарушының бірнеше заң бұзушылықтарын анықтаған. Банщиков хайуанаттар бағының айналасындағы жағдай зообақтың беделіне нұсқан келтірді,- дейді.
Константин ПЛАХОВ, КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ, ЗООЛОГ:
Тексеріс қорытындысымен комиссия лауазымдық міндетін тиісті деңгейде орындамағанын анықтады. Сол кездегі ветеринарлық бөлім басшысының міндетін атқарушы Дүйсенов және директордың зообағыт бойынша орынбасары Кудерин. Комиссия әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарды.
Вячеслав БАНЩИКОВ, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір 5 адам жазаланып отыр. Кейбіреуі лауазымынан төмендетілді, кейбірі жұмыстан шығарылды. Осы қауесет таралғалы келушілер тым азайып кетті. Біз өзге қалалармен жасасқан бірнеше келісім-шартымыздан айырылдық. Олар біздің зообақты арнайы келіп көргісі келген болатын. Осылардың барлығы немен байланысты екенін түсінетін шығарсыздар.
Мамандардың айтуынша қазірдің өзінде зообақтағы бірнеше аң қартайған. Үш жирафтың екеуінің жасы жиырмаға келеді. Ал Алькор есімді ақ аю отызға толады.
Ә. Лесбек