Негізгі / Жаңалықтар / Кісі сату бойынша 116 адам БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігіне арыз түсірген

Кісі сату бойынша 116 адам БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігіне арыз түсірген

Елде адам саудасы мен есірткі саудасы өршіп тұр. Жыл басынан бері кісі сату бойынша 116 адам БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенттігіне арыз түсірген. Бұл фактілер жөнінде халықаралық ұйымның Орталық Азиядағы үйлестірушісі Деян Кесерович Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесуде мәлімдеді. Оның ақпараты бойынша зардап шегушілердің жасы орта есеппен 20-26-да. Олардың 70 пайызы ер адамдар.

Деян КЕСЕРОВИЧ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ КӨШІ-ҚОН ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Бұрындары секс-құлдықтағы әйелдер саны көп еді, ал қазір біз анықтап жатқан фактілердің көбі ер азаматтардың еңбекке заңсыз жегілгені. 2004 жылдан бастап есептейтін болсақ, Қазақстанда 1500 адам саудасы тіркелген. Бірақ бұл сан нақты емес. Өйткені біз білмейтін құлдықта жүргендер мен қашып құтылғандар қаншама?! Оны сотта дәлелдеудің өзі қиын.   

Ал ғаламторда есірткі саудасымен айналысып жүргендер енді өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Жыл басынан бері синтетикалық есірткі саудасымен айналысып келген 4 мыңға жуық сайт бұғатталған.

Илья КАНЦЕРОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндай әрекеттің қаупін ескере отырып, ол үшін 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеумен бірге өмір бойы бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілігін белгілеу ұсынылып отыр. Үгіттеп, жарнамалап жүргендерге де жауапкершілік енгізуді ұсынамыз. Бұл әрекет үшін балама жазамен бірге 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырамыз. Егер қылмыс электронды ақпарат ресурстарының көмегімен жасалса, кінәлілер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы керек.  

Н. Біләл