Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

103 көп балалы отбасы елордадан Екібастұзға көшірілді

AstanaTV
29.07.2019ж. 20:00
3505
103 көп балалы отбасы елордадан Екібастұзға көшірілді

Елдегі жұмыссыздық деңгейі көтеріліп кетпеуі үшін жыл сайын 370 мың вакансия ашылып отыруы керек. Бүгін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары осылай деді. Айтуынша, Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған 14 бағдарлама бар. Соның бірі - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Естеріңізде болса, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осы бағдарламаның тиімділігіне күмән келтіріп, сынға алған еді. Осыдан кейін министрлік мемлекеттік бағдарламаны насихаттап, түсіндіру жұмыстарына дендеп кіріскен секілді.

Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Көп адам «Еңбек» бағдарламасы арқылы қандай көмек алуға болатынын білмейді. Сондықтан біз «Грант алушының портреті» деген тақырыпта бейнеролик түсірдік. Жақын арада әлеуметтік желілер арқылы таратамыз. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің қанша халықты жұмыспен қамтығанын есепке алып отыратын база жасақтадық. Жалпы, осы жартыжылдықтың өзінде 12 мың жұмыс орны ашылған.

Вице-министр жыл басынан бері 103 көп балалы отбасы елордадан Екібастұзға көшірілгенін айтты. Бұл да аталмыш бағдарламаның аясында қолға алынған «Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасының нәтижесі. Қоныс аударылғандардың ішіндегі еңбек жасындағы азаматтардың 80 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Ал балаларға мектептер мен балабақшалардан орын берілген. Жыл соңына дейін тағы 200-ден артық отбасы осы жаққа көшірілмек.

Д. Қайыртай