$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордалық мектептер оқушы қабылдамай отыр

AstanaTV
12.08.2019ж. 20:00
3092
Елордалық мектептер оқушы қабылдамай отыр

Биыл астанада бір сыныпта 40-қа жуық бала білім алмақ. Тіпті 10 мектеп оқушыға лық толып, бала қабылдамай отыр. Білім басқармасындағылар биыл тағы 24 мың оқушы мектеп табалдырығын айттайтынын айтады. Ал баласына мектептен орын бұйырмаған ата-аналар бұған наразылық танытты. Оларды оқу жылы таяғанда қайда жіберерін білмей дал. Тақырыпқа Ақерке Бектас үңіліп көрді. 

Жадыра Әбілова баласын биыл мектепке бермейтін болды. Үй жанындағы білім ошағы олардың аумағын тізімнен шығарып тастаған. «Оқушыға лық толы» деген директор 32-ші мектепке баруды айтыпты. Бірақ баласын күнде алысқа тасуға көп балалы ананың мүмкіндігі жоқ. 

Жадыра ӘБІЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:   

Биыл мектептен қалып отырмыз келесі жылға. Сіздердің территорияларыңызды алып тастаған себебіміз оқушы көп дейді. Тек өздеріне жақын маңайды ғана алып қалған. Дәлізге дейін шығып оқимыз дейді. Бір класста 40-45 оқушыға дейін болады. Биыл енді қайтадан мини-центрларға береміз.

Анзор Тұрсынбаев та үй іргесіндегі осы 64-ші мектепке баласын алғыза алмай отыр. Ол қақаған қыста 6 жасар оқушының алыс мектепке қатынауына қарсы.    

Анзор ТҰРСЫНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:   

Біз қарайтын 52-ші мектеп екен. Ол мектеп бізден алыстау. 1 км шығар. Негізі қыстың күні машинамен немесе техникамен баруға дұрыс келеді. Ал бұл жерге жаяу келуге болады, бірақ біздің территорияға қарамайды деп айтылып жатыр. Сонда біз қай мектепке баруымыз керек? Қалай болады?

Ал бала қабылдамай отырған мектеп директоры «орын жоқ» деп бақты. Білім беру ошағы 1200 балаға арналғанымен, былтыр 3 мыңға жуық оқушы барған. Бір сыныпта 40 баланы оқытқан жерде «ешқандай білім болмайды» дегенді айтады.  

Бану БАЙМҰРАТОВА, №64 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Ата-аналардың сұранысы бойынша берілген квоталық орнымыз 1 аптаның ішінде толып қойды. Стандарт бойынша 26-25 баладан артпау керекпіз. Ары барғанда 27 баладан отырғанның өзінде білім сапасы жақсы болады деп ойламаймын.

Білім басқармасының мәліметінше, қазір астанада 108 мектеп бар. Оның біреуі кешкі мектеп болса, 86-сы мемлекеттік, 17-сі жекеменшік мекеме. Былтыр 162 мың бала білім алған. Биыл қатарға тағы 24 мың оқушы қосылмақ. Тіпті әзірге тіркелгендердің өзі 17 мыңға жеткен. Жауаптылар орын тапшылығын тек келер жылы толық шешеміз, деп сендірді.  

Жазира АСАНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

75, 59 мектептер бар. Ол жерде оқушылар саны 40-қа дейін жетеді, иә әрине. Қалада 10 шақты мектеп бар. Ол жерлерде де шамадан тыс балалардың саны байқалып отыр. Осы жылы ғана сондай сұрақтармен кездесетін боламыз. Келесі жылдан бастап ол сұрақтардың бәрі шешіледі деп жоспарлап отырмыз.

Демек біраз ата-ана биыл баласын тағы алыстағы мектепке тасуға мәжбүр болмақ. Бұған қоса үш ауысымды мектептің мәселесі әлі де өзекті.  

А. Бектас