Биыл мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны былтырғыдан 20 мыңға артпақ. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырауда 1-ші сыныпқа баратын 2 мыңға жуық балаға орын жоқ. Сондықтан, бір сыныпта - 40 бала білім алуға мүжбүр. Абай Сейфулла тарқатады.
Құрметті ұстаз Өмір Шыныбекұлы Шымкенттегі 1200 орындық мектепте 4 мың баламен немересінің сығылысып, білім алып жатқанын айтады. Пікірінше, 40 баланы бір сыныпқа жинау - қиянат.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ҚР БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Қазақстанның жағдайында 25 бала ғой. Одан артық болмаса Құдайға шүкір. Одан артығы, 40 бала болса, мұғалімнің 40 минуты тек балаларды тыныштандыруға кетеді. Бала бақшадан келгендер - әлі бала. Шулайды, жылайды...Бұл жерде бала да білім ала алмайды, мұғалім де өзінің кәсіби міндетін орындай алмайды.
Мұнымен Білім министрі де келіседі. Ол мектеп тапшылығын жаңа білім ошақтарын салумен ғана емес, дайын ғимараттарды қайта жасақтау жолымен шешу керек деп отыр. Себебі Елорданың өзінде мектеп тұрғызуға жер табу қиын. Сонымен бірге жекеменшік мектептерді көбейтпек.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
Алматы облысын алатын болсақ, 30-ға жуық қана 3 ауысымды мектеп болған, бір жылда 50 үш ауысымды мектепке көбейіп жатыр. Бұл туу көрсеткішіне ғана емес, урбанизация, көші-қонға байланысты мәселе.
Республика бойынша 128 үш ауысымды мектеп бар. Көбі Алматы облысы мен Шымкентте. Ал бірінші сыныпқа Атырау 1010, Алматы облысы 1884, Нұр-Сұлтан 2055 орын тауып бере алмай отыр. Елорда әкімі бес жылда 47 мектеп саламыз, сонда ғана жағдай реттеледі дейді.
Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Биылдың өзінде біз 8 мектеп саламыз. Оның 3-еуі жаңа, қалғаны бесеуі қосымша құрылыс. Сонда 5000 орынды қамтитын боламыз. Бірақ тапшылық қалады. Бірінші қыркүйекте 8 мектеп үш ауысымды болады деп күтілуде.
Қыркүйекте бірінші сыныпқа баратындар саны былтырғыдан 20 мың оқушыға көп. Айтпақшы министр баласын алты жаста апармағандарға ешқандай айыппұл жоқ деді. Ал балаңыз ол уақытта әріп танымаса да айып емес.
Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:
Биыл елімізде 3 млн бала сабаққа барады. 405 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңалықтардың бірі - енді оқулықтарды қағаз нұсқасынан бөлек, электронды түрде де оқуға болады. Бірақ бұл балаларды кітап арқалау міндетінен айырмайды. Ал оқулықтардың сапасы мен орын жетіспеушілік мәселелері күн тәртібінен түспейді.