$473.15 €515.12 ₽5.4
×

4538 теңгеден артық бағаланған сыйлықты өткізу. Коррупционерлер... Миллиардер Джек Ма.

AstanaTV
21.10.2017ж. 20:00
1825
4538 теңгеден артық бағаланған сыйлықты өткізу. Коррупционерлер... Миллиардер Джек Ма.

Біз уақыт аралатып тоқталатын тақырып – мемлекеттік қызметкерлердің екі айлық есептік көрсеткіштен – 4538 теңгеден артық бағаланған сыйлықты арнайы қорға өткізу барысы. Мысалы, павлодарлық шенеуніктер жыл бастынан бері үш сыйлық өткізіпті – сигарлар, кәмпит және коньяк. Хабарлаған Мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша басқармасының жетекшісі Гүлнар Смаилова.«Намыс сақшылары» бәрі осы дегенге онша иланбаған сияқты – сөйтіп қала масштабындағы екі бастықтың кабинеттерінен сувенирлер мен құмыралар тауып, қорға өткізген. Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасының жетекшісі болған Сәуле Өмірбекова туған күніне сыйланған өзінің портретін өткізіп, «саналылық» танытқан.

Павдодарда іссапармен болған Мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі жетекшісінің орынбасары Алик Шпекбаев «алда жаңа-жыл, елітулерге елікпеңіздер» деп ескерту жасапты... Ал сәрсенбіде коррупцияға қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Кентау қаласы әкімінің орынбасары Берік Қнатовты ұстағандарын хабарлады.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жауап беретін шенеунік «2020 жылға дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту» бағдарламасы аясында «жаңаруды» ойлаған. Көнерген үйлерді жөндеуге бөлініп жатқан қомақты қаржыдан қарпып қалуды. Өзі лобби жасаған компания тендерді ұтады, тиісінше 15 пайыздық «откат» дейді ғой, соны алған. 3,5 миллион теңге. Қазір ол уақытша тергеу изоляторында. Ал ісі сотқа жеткен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевтың «не істегенін» тізген тергеушілерді қайталағым да келмейді. Тек қылмыстық іс бойынша 23 адам тартылған, оның 20-сы тағылған айыпты мойындаған және 1,2 миллиард теңге шығын өтеген. Жарайды, бір деталь – тергеушілердің айтуынша, Бишімбаев алған парасының бір бөлігіне Астана маңындағы Қосшы мекенінде 500 шаршы метр үй тұрғызған. Бағасы 400-500 мың доллар... 

Бейнелеп айтқанда бір жағынан сигар мен коньяктың өткізілуін қадағалап, екінші жағынан «миллиард теңге қаржы жымқырды» дегендердің сот процестерін өткізіп жатқанда әлемдегі бизнес акулалары, олар арқа сүйейтін ғылым мен техниканың қайда бара жатқанынан хабардармыз ба? Айырмашылық «космоспен» тең... Мәскеу маңындағы Сколковода «Ашық инновациялар» деген форум өткен, соған миллиардер Джек Ма қатысқан. Пайымын тыңдағанбыз. Сіз де тыңдап көріңіз:

Джек Ма, «Ali baba» құрылтайшысы, миллиардер:

Компьютермен бәсекелесудің мағынасы жоқ. Ол бәрібір адамнан ақылды болады. Мықты жүгіретін адам да жете алмайтын автомобиль сияқты. Сондықтан біз балаларымызды бұрынғыша, қалай есте сақтау мен тез-тез есептеуге үйрететін болсақ, оларда болашақта жұмысқа байланысты проблема болатыны рас. Ал онда балаларды неге үйретеміз? Түрлі тәсілдер қолдану керек. Интеллектіні шегіне жеткізе отырып жетілдіру керек. IQ, EQ, LQ түрлерін. Немесе басқаша айтқанда, мидың операциялық тиімділігін, эмоционалды интеллектіні және махаббат, сүйіспеншілік коэффициентін. Себебі олар машинада жоқ.

«Біз болашақты жақсы түсінбейміз. Әрине, адамдар болашақтан қорқады, себебі оны елестете алмайды. Өздеріне сенімді емес. Қиял жетпейді». Джек Ма осылай да деген. Сонымен бірге «егер миллиардер, лидер болғыңыз келсе, сіз өзіңізге сенімді болуың қажет...Интернет, цифрлық технологиялар көп мәселенің түйінін тарқатады. Қазір ғаламдану біркелкі жүріп жатқан жоқ. Басымдыққа ие 60-тай ғана компания бар. Бірақ жастар өмірден өз орындарын табуы керек. Жақын уақытта интернетке қосылатын адамдардың саны әлем бойынша 80 пайызға жетпек. Бұл үлкен өзгерістер әкеледі. Электронды коммерция, электронды экономика болады».