$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбылда жойқын апаттан аман қалған жол жөндеуші хәл үстінде жатыр

AstanaTV
16.08.2019ж. 20:00
3380
Жамбылда жойқын апаттан аман қалған жол жөндеуші хәл үстінде жатыр

Жамбыл облысында жол жөндеп жатқан жұмысшыларды жүк көлігі қағып кетті. Үш адам қаза болып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің бірі хәл үстінде. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолында болған апат жайлы Данияр Әлімқұл тарқатады. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ :

Жойқын жол апаты автодәліздің 455 шақырымындағы Ақшолақ ауылы маңында түскі уақытта болған. Алматыға бет алған «DAF» жүк көлігі, жол жиегінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Жамбыл жол зертхана» мекемесінің мамандарын көлігімен қоса қағып кетеді. Жұмысшылардың жол шетінде тұрған «Мерседес Спринтер» көлігі бір аунап тұрады. Соққының салдарынан 2 адам тіл тартпай кетіп, бір жұмысшы ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмады.

Жол апатынан тағы 2 адам түрлі дене жарақаттарын алады. Апаттан аман қалған 46 жастағы Есенбек Тұрдышев Тараздағы орталық ауруханада бел омыртқасы сынып, қозғалыссыз жатыр. Миы шайқалып, 12-ші көкірек омыртқасы да сынған. Жүк көлігі соққан кезде ол тоқтап тұрған «Газелдің» ішінде болған.  

Есенбек Тұрдышев, «ГАЗЕЛЬ» КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:  

Тарс дей қалды. Бітті ғой ары қарай, астаң-кестең. Мен түсінбей де қалдым. Ары қарай машина бір аунады ма білмедім, есімді жоғалтып алдым. Есімді жинағанымда балалар кеп, есікті аша алмай жатыр екен. Сол кезде мен бірақ білдім. Машинаны жолдың шетіне қойғанбыз, ол жол ережесіне ешқандай кедергісі жоқ.

Ақжелеңділер жағдайы ауыр деп бағалаған 31 жастағы Арман Жолдасов жансақтау бөлімінде жатыр. Травматикалық шоктың 4-ші дәрежесімен түскен науқасқа көмек көрсету үшін, тіпті көрші емханадан қосымша мамандарды шақыртқан.  

Сәкен ЖҰМАШЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ м.а. :  

Жағдайы өте ауыр хәлде. Көкірегінде 4 қабырғасы сынған. Және оң жақ көкірегіне ауа жиналған. Сол ауаны шығару үшін түтікше салынып тұр. Қан қысымы түскен кезде 60 та 40 болған. Сонын салдарынан қазір зәр шықпай жатыр. Улы заттар анализ бойынша көтеріліп жатыр. Сондықтан біз бүйректі тексеру үшін мамандарды шақырып, кеңесіп, емін қабылдап жатыр.

Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына жабылған.  

Мақсат ЕРЕЖЕПОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:  

ҚК 345 бабы, 4-ші бөлігіменен 2 немесе одан да көп адамдардың өліміне әкеп соғу деген квалификация қойылып, «DAF» автокөлігінің жүргізушісі жол апатына себеп болған іс-әрекеттері үшін қылмыстық процестік кодекстің 128 бабына сай бізбенен ұсталып отыр. Бап 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Полицейлер қазір жол апаты жиілеп кеткенін айтады. Биылға бұл ірі жол-көлік оқиғасы 4-ші болып тіркеліпті. Ал, жолға қатысты мекемелер қаза болған қызметкерлерінің отбасына материалдық көмек көрсететін айтты.  

Д. Әлімқұл