$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ерлер арасындағы алғашқы кәсіби балет бишісі - Алмас Бекбосынов.

AstanaTV
21.10.2017ж. 20:00
8338
Ерлер арасындағы алғашқы кәсіби балет бишісі - Алмас Бекбосынов.

Қазақтың тұңғыш кәсіби балеринасы Нұрсұлу Тапалова туралы материал бергенбіз, бүгін ерлер арасындағы алғашқы кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов жайлы материалды назарларыңызға ұсынамыз. Бір-ақ нәрсе – қазір біздің «гаухар» мен «жылтырауық тасты» ажырата алмайтынымыздың бір себебі – өткен шақтың «гаухарларын» сандық түбіне тастай салғанымыз шығар. Ришат Асқарбекұлы азын-аулақ болса да, құнды деректер тапқан зерттеушімен, әйгілі Болат Аюхановпен әңгімелескен. 

Қазақ халқынан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова екенін би мамандары  мойындаған. Ол туралы біз материал да жасадық. Ал ұлтымызда ерлер арасынан шыққан тұңғыш кәсіби биші кім?-  дегенде тосылып қаламыз. Осы саланы зерттеушілер халқымызда балет өнерін ең алғаш болып меңгерген Алмас Бекбосынов екенін айтып жүр. Ол туралы баспасөзде жарияланған ақпараттар да мардымсыз. Әріптестері де көп тіс жара бермейді.

Айдар Жоранов, зерттеуші:

Зерттегенге өте лайықты тұлға деп ойлаймын негізі. Қазақта қазақ жігіттерінен шыққан алғашқы балет артисі. Кәсіби деңгейдегі. Содан кейін мен орталық мемлкеттік архивінде жарты жыл отырып, сол жерден құжаттар іздедім. Құжаттар іздегенде 4-5 суреті. Содан кейін өзінің қолымен жазған өмірбаяны содан кейін 1-2 құжаттан басқа ештеңе жоқ. Ол кісілер туралы мәліметтер мүлдем жойылып кетті десек артық айтқаным емес.

Орталық мұрағаттан табылған деректе Алмас Бекбосынұлы Алматы қаласында 1924 жылы өмірге келген. Әкесі Бекбо­сын Диханбаев Медеу шатқалында колхоздың малын баққан. Болашақ балет артисінің жиын-тойда би билеп өнерге қабілеті барын білген соң, туыстары 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түсіріп, сол жерде екі жыл білім алады.

Алмас Бекбосынұлы, балет артисі: «Әкем төңкеріске дейін шопан, төңкерістен кейін қа­ра­пайым жұмысшы болып жұмыс істеген. Туыстарым­ның жайлы өмірдің шапаға­тын көруге мүмкіндігі болмады, шет мемлекетке кеткен туыс­тарым жоқ. 1933 жылы Алматы қаласындағы №18 орта мектепке қабылданып, осы мектепте 4 жыл оқыдым. Мен 16 жасымнан бас­­тап Қазақ мемлекеттік филармониясына балет артисі ретінде қызмет жасадым. Тұрмыстық жағдайыма байланысты Абай атындағы опера және балет театрына балет артисі ретінде жұмысқа ауыстым».

Балет артисі бұл өмірбаянын 1940 жылы өз қолымен жазып қалдырыпты. Одан тыс Орталық мұрағатта мынадай бірнеше фотосуреті сақталған. Клас­си­калық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген маман осы кісі болатын, деп еске алады белгілі балет бишісі Болат Аюханов. Бекбосынов залды дүркіретіп тұрғанда, Болат Аюханов балет өнерінде қаз-қаз басқан баладай едім,- дейді.

Болат Аюханов, халық артисі:

Біріншіден, Алмас ағай еркіндікті сүйетін, әрі тәртіпті, әрі орындаушылық қасиеті басым жан ретінде көз алдымда қалды. Оның классикалық би бойынша аздаған білім  бар еді. Бірақ ол әрбір қойылымды нағыз кәсіби маман ретінде ойнап шығатын. Ол заманның әртістері арнайы білім болмаса да, шеберлікке талпынатын. Күні-түні дайындықтың арқасында өз саласының маманы болып шығатын. Мен ол кісінің гримдеу бөлмесінде бет әрлейтін заттарын алып беріп тұрғанымды өзіме бақыт санайтынмын.

Болат Аюхановтан бөлек, Алмас Бекбосыновтың көзін көрген Ғарифолла Құрманғалиеваның қызы - Сәуле Құрманғалиева. Сырқатына байланысты ол кісімен сұқбаттасудың сәті түспеді. Бірақ әртістің өнер жолын зерттеп жүрген Айдар Жорановқа профессор мынадай естелік айтып берген. 

Айдар Жоранов, зерттеуші:

Сәуле Ғарифоллақызы ол кісімен көп гастролдік сапарларға шыққан. Содан кейін азаматтық қасиеттері жайлы көп айтты. Адамгершілігі де жоғары деңгейде екенін. Бірақ ол кісі еркін айтты. Қызғаныштың қызыл отына күйіп кеткен жан деп.

Там-тұмдап болса да сақталған деректерден Алмас Бекбосынұлының қасиетті өнердегі өткен ізін айқын көруге болады. Ол Абай атындағы опера және балет театрында класси­калық және ұлттық репертуарларда негізгі партияларды орындаған. Великановтың «Қамбар-Назымында» Қамбар, Пуньи­дің «Эсмеральда­сында» Квазимодо, Мини­кус­тың «Дон Кихотын­да» Санчо-Панса, Асафьет­тің «Бақшаса­рай фонта­нында» Гирей образдарын аша білген. Ал қазақтың классикалық «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан-Сара» операларындағы рольдері арқылы өзінің ерекше би мәнері мен ак­терлік шеберлігі толысқан әртіс ретінде тарихқа енді.

Анвара Садықова, хореограф:

Кәсіби хореография өнеріне 80 жылдан аса болып отыр. Бір 17 жылдан кейін біз 100 ге келеміз Құдай қаласа. Ал кім осы өнерді қалыптастырған? Кім бұл өнерді бізге жеткізген? Бізге берген? Осы Алмас Бекбасынов сияқты кісілердің арқасы болып отыр.

Халқымыздан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Та­палова екеуі көптеген операларда жұптасып билеген. Екеуі де халық арсынан шыққан таланттар еді.  Сондықтан бір-бірін толықтырып тұратын. Театрда оны  «ішкілікке жақын» деп қаңқу сөз таратқандар да болған. Бірақ артистің би өнерінде құбылыс болғаны ғана маңызды болса керек!

Айдар Жоранов, зерттеуші:

1975 жылға дейін өмір сүрген. Ол кісі жүрек инфарктан қайтыс болған. Бір ұл, бір қызы болған сол кезде. Оларды мен кәдімгідей іздедім. Бірақ бір кісі бір дерек айтты. Жаңағы Мәскеуге көшіп кеткеннен кейін, олар жоқ болды деп. Әйелінің  суреті бар. Бірақ әйелінің кім болғанын көрсетпеген, биографиясында.

Анвара Садықова, хореограф:

Балет өнерінде, жалпы кәсіби хореография өнерінде бұл кісілердің аттарын атап кетпесек болмайды. Өйткені бұл кісілер болмаса біз болмас едік. Мен қазір осында отырмас едім. Өйткені бұл кісілер жалпы қазақ ұлттық би өнерінің иісін жеткізген, табиғатын көрсеткен, қимылдарды қалай орындау мәнерін стилін берген. Сол осы Алмас Бекбосынов сияқты кісілердің арқасында болып отыр.

Алмас Бекбосынұлының би өнеріндегі шарықтау кезеңі 1959 жылы бишілер труп­па­сының құрамында Нью-Йоркке баруымен тұспа-тұс келеді. Ол қазақтың ұлттық биі «Көкпар» биін орындап, талғампаз көрермендерді таңқалдырады. Мұхиттың арғы жағында мұны «экзотика» деп бағалайды. Сол жолы Алмас Бекбосынұлы АҚШ-тың көптеген қалаларын гострольдік сапармен аралап қайтады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ұлын тек атқа қондырған қазақ, би өнеріне баласын беруді ұят санаған. Бірақ Алмас Бекбосынұлының бойындағы талантты тану бимен көрініс табады. Замандастары «жынды», «ұшқалақ» деп ер адамның билегенін жақтырмаған. Алайда заман өте келе би ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегіне айналды. Ал оның көрнекті өкілі халқымызда ерлер арасынан шыққан тұңғыш балет бишісі Алмас Бекбосыновтың өмірі мен творчествосын жақсылап зерттеу керек-ақ!

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».