«Ерекше фото, ерекше видео» айдарында белгілі балет артисі Досжан Табылдының «Теңіз» деп аталатын коммерциялық емес клипінен үзінді ұсынамын. Жоғалған дерлік Арал теңізінің табанында Қорқыт бабаның «Қоңыр» күйіне балет билейді. Қыл қобызда күйді орындаған Ақерке Тәжібаева.
Досжан жердің рухын бейнелесе, теңіздің рухын Бақытнұр Дүйсенбаева есімді биші бейнелеген. Көргенде құйқаң шымырлап, көзіңе жас келеді. Адамның қаншалықты озбыр бола алатынын ойлап - Теңізді жоқ қылып жібере алатын...
Балет бишісі шығарманы 45 градус ыстықта, желдің өтінде түсіргендерін айтыпты. Сонымен бірге түсірілім бір –ақ кадрден тұрады. Ешқандай монтаж жасалмаған.
Бір елу жылда теңіздің 97 пайызы жоқ болған. Сырдария мен Әмударияның суы шаруашылыққа жұмсалып... Енді жылына ауаға 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұз тарайды.Ол тұз Еуропаны «бағындырған», Антарктидаға қонған. Қорқыт ұрпақтары «Қоңырды» Аралды жоқтап тартады...