Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Биыл елордада Абай атындағы мектеп-гимназия ашылады - Б.Мәкен

AstanaTV
23.08.2019ж. 20:00
4961
Биыл елордада Абай атындағы мектеп-гимназия ашылады - Б.Мәкен

Биыл елордада Абай атындағы мектеп-гимназия ашылады. Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен осылай деп мәлімдеді. Бүгін қазақ зиялылары мен абайтанушы ғалымдар ақынның 175 жылдығына орай бас қосты. Ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өлеңдерін жатқа оқыды. 

Абай қалыптастырған адамдық формуласы ғасырлар тоғысымен астасып жатыр. Ақынның ақиқатынан қоғам қазір де бүгінгінің бейнесін тапты. Енді Абай мұрасы әлемнің 10 тіліне жаңадан аударылмақ. Бұл жолы бұрынғыдай орыс тілінен емес, қазақ тілінен тікелей тәжімаланады.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, АБАЙТАНУШЫ:  

Абайды зерттеудің, тереңдеудің күні енді басталатын шығар. Оған ұйымдастыру керек. Соны жақсы ұйымдастырып берсе, Абайды тануда үлкен жаңалықтар ашылады. Оған сенім бар.

Рухани кеште Абай шығармаларын Нұркен Өтеуіл де оқыды. Ақынның қара сөздері мен өлеңдерін бір спектакльде өрген актер асыл мұраны әр салада дәріптеу керек деп есептейді.  

Нұркен ӨТЕУІЛ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АКТЕР: 

Бұл жерде біз Абайдың ішкі жан дүниесіне үңілдік, тек сырт келбетіне емес. Абайдың жан айқайы, қиналысы, не үшін айтты мына сөзді, не үшін қиналды, осының бәрі осы «JAN» моно спектаклінде айтылады. Абайдың болмысы сахнаға шығады.

Ал Президентке эстафета жолдап, дүйім жұртты тәнті еткен Ләйлім Рысқали бұл кеште де Абай өлеңін мүдірмей айтты. 9 жастағы талапты жас, ақынның 70-тен аса өлеңін жатқа оқиды.  

Ләйлім РЫСҚАЛИ, ОҚУШЫ:  

Президент алмауы мүмкін, тарамауы мүмкін деп қобалжығанмын. Бірақ, Аллаға тәуекел еттім. Мен екі жасымда Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» деген өлеңін айтып отырғанмын. Сол кезде әке-шешем менің есте сақтау қабілетімнің жақсы екенін біліп, өлең жаттата бастады.

Еске салайық, келесі жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өту жоспарланып отыр. Елордадағы ең үлкен даңғылдың бірі 1997 жылдан бері Абай Құнанбайұлының атында. Мұндағы ақынның ескерткіші 9 жыл бұрын бой көтерген. Биыл балаларға арналған білім ордасы да ұлы Абайдың атымен ашылмақ. Дана ақынның дара тұлғасы тарих толқынында талай айтылары сөзсіз.  

А. Бектас