Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Теміртау қаласының маңында 700-ден астам саяжай өртеніп кетті

AstanaTV
02.09.2019ж. 20:00
3251
Теміртау қаласының маңында 700-ден астам саяжай өртеніп кетті

Теміртау қаласы маңындағы саяжайлардың өртенуіне металл ұрлаушылар айыпты болуы мүмкін. Құзыретті орындар мен шаруалар осындай болжам жасады. Бүгінде саяжайлары өртеніп кеткен тұрғындар, шығынды кімнен өндіріп алатындарын білмей дал. Бірнеше күн бұрын 700-ден астам саяжай түгелдей жанып кеткен. Баспаналары мен бау-бақшасынан айырылған шаруаларға, саяжай серіктестігі өтемақы төлемейтіндерін айтқан. Ал, қаскөйлер әлі ұсталмаған. Оқиға орнынан тілшіміз Айжан Қуаштың репортажы. 

Саяжайдағы өрт осыдан 4 күн бұрын болған. Қатты желдің салдарынан тілсіз жау бірнеше сағатта 700-ден астам саяжай алқабын, 16 үйді күлге айналдырды. Шамамен 6 шаршы шақырым жер жанып кеткен. Тіпті, тілсіз жау Жаңаауыл темір жол станциясы мен оның жанындағы үйлерге де қауіп төндірген.  

Арман АЛПЫСБАЕВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСШЫСЫ: 

Металл кесу кезінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Құбырларды кескенде шыққан ұшқын оттың тұтануына әкеліп соққан. Өрттің күштілігі сонша Қарағандыдан көмек келді. Өрт поезы мен 7 автоцистерна, 64 құтқарушы жұмылдырылды. Жалынды әрең сөндірдік. Көптеген саяжайларды шаруалар ұрылардан қорғану үшін жан- жағынан бетон, тастармен жауып тастапты. Осының бәрі өрт сөндіруші техникаларға кедергі келтірді.

Өртті сөндіруге тұрғындар да көмектескен. Осы маңайда тұратын Шамиль Арслан түтінге тұншыққан саяжай тұрғындарын, жалын аумағынан қауіпсіз жерге шығаруға ат саласқанын жеткізді.  

Шамиль АРСЛАН, КУӘГЕР: 

Дәл осы жер отқа оранған дәлізге айналды. Мен тәлтіректеп тұрған қарт әжейді көрдім. Қасына барып жағдайын сұрап едім, тұншығып бара жатқанын айтты. Иығыма көтеріп өрттен шығардым да, құтқарушыларға тапсырдым.

Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, сол күнгі өрттен екі қария жапа шеккен. Біреуі түтінге уланса, екіншісінің қолдары күйген. Қазір жағдайлары жақсы. Жұрт енді шығынды кімнен өндіріп алатындарын білмей жүр. Саяжай серіктестігі өтемақы төлемейтіндерін айтқан.   

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Бұл маңда бұрын саяжай болды деп айтудың өзі қиын. Тілсіз жау жұрттың жылдар бойы жиып терген мүлкі мен үлкен- үлкен алқаптарды тып-типыл еткен. Қазір бұл маңда құрылыс қалдықтары мен қураған ағаштар ғана қалған.

Татьяна Могилевская туыстарымен бірге өрттен қалған өнімін жинап жүр. Жер астында жататын картоп, сәбіз болмаса асқабақ, кәді, қызанақ пен ақжелкен, жеміс ағаштары түгелдей жанып кеткен.  

Татьяна МОГИЛЕВСКАЯ, ЖАПА ШЕГУШІ: 

Қатты қынжыламыз. Қысқы азығымыздан, үй, жиһазымыздан айырылдық. Қыркүйектің соңына дейін осында тұратынбыз. Енді міне, қалған- құтқан көкөністерді мерзімінен бұрын жинауға мәжбүрміз. Бәріне металл кесушілер кінәлі деп ойлаймын.

Жергілікті әкімдік тұрғындар шығынды өртке кінәлі тұлғалардан ғана өндіре алатынын айтқан. Алайда күдіктілер әлі анықталмаған. Саяжайдағы оқиғаға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатқандарын хабарлады. 

А. Қуаш