Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Елордада көпір салған құрылысшылар тағы да көтерілді

Елордада көпір салған құрылысшылар тағы да көтерілді

Елордада әуежай мен жаңа теміржол вокзалының арасын жалғайтын көпірді салып жатқан құрылысшылар тағы да бас көтерді. Тағы сол - жалақы мәселесімен. Іштерінде табан ақы, маңдай терімен тапқанын 9 айдан бері ала алмай жүргендері бар. Тамыз айында осылай басшыларына қарсы ереуілге шыққан соң, кейбіріне еңбегінің жартысын төлепті. Қалған-құтқаны әлі жоқ. Данияр Қайыртайдың репортажы.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Мына көпірдің құрылысшылары бір айдың ішінде екінші рет көтеріліп отыр. Жалақыларын алмағанына 9 ай болған. Басшылық әлі күнге уәде етіп келеді. Жұмысшылар ақша түспейінше құрылыс нысанынан кетпейміз деді. Ал ақшаның түскенін өздері ғана күткісі жоқ.

- Накусов келсін! Накусов келсін! Накусов келсін! Пока келмейінше ешкім еш жаққа кетпейді. 

Наразы жұмысшылар мердігер-компанияның директоры Тимур Накусовты да шақырды. Телефон арқылы құрғақ уәде төккенше, қасымызға келіп жағдайды түсіндірсін дейді. 

Нұралы АЛАЯРОВ, ЖҰМЫСШЫ: 

Мен әйеліме операция істетуім керек. Накусов уже 5-6 рет жаздым, вот обещает «завтра будет, завтра будет». Мектепке кетті балалар, қарыз алдық.

Айлап жалақы ала алмай жүрген кейбірі құрылысты тастап кеткен. Бірақ бәрібір еңбегін даулап әлек. Ал енді бірі күдерін үзген жоқ. Күні бүгінге дейін жұмысқа шығып жүр. 

Ақберген МЕДЕТБЕКОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Алты айдан асып кетті еңбекақы ала алмай... Қанша қиналып жатырмын, жалғыз мен емес, осы жердегі жігіттердің бәрі. Қаңтардың қақаған аязында істеген. Енді ары-бері келіп жатыр 20 мыңға жолға, оның бәрі шығын. Ал бұл кісілерге бұл мәселені шешпесе өте ауыр.

Жұмысшылардың тамыз айында да дәл осылай көтеріліп, аштық жариялағанын біз көрсеткенбіз. Сонда күн өтпестен құрылысшыларға жалақылары түскен еді. Бірақ толық емес. Олар қалған ақшасын талап етіп, бүгін де ереуілге шықты. 

Ерлан ИСМАҒҰЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ БАС МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ: 

Бұған дейін тізімі жіберілген жұмысшыларға жалақысы сол күні төленді. Жұмыс беруші еңбекақы бойынша 9 млн теңге берешегін қайтарды. Қазір 5 жарым млн тг әлі қалып тұр.

Жағдайды естіген болар, жұмысшыларға Тимур Накусов телефон арқылы хабарласып, тез арада ақша аударатынын айтқан. Бұл сөзді күнде естіп жүрген жұмысшылар, елең ете қоймады.  

- Я не знаю больше где еще вышестоящие органы есть. Только Президенту что ли надо идти?! 

Д. Қайыртай