Атыраудағы 4,9,10 сыныптың 35 мыңдай оқушысы кітапсыз білім алып жатыр. Білім ошақтарына жаңартылған мазмұндағы оқулықтар әлі күнге жеткізілмеген. Әзірге балалар мектепке дәптер мен қалам тасып жүр. Миллиардтаған қаржыға тапсырыс берілген оқулықтар неге кешікті? Базаргүл Нәдірқызы анықтады.
Қаладағы №3 мектеп-гимназиясының 10 сыныбында химия пәні өтіп жатыр. Жаңартылған мазмұнға көшкен оқушыларда әлі оқулық жоқ. Мұғалім әзірге түрлі тапсырмалар ойластырып отырғанын айтады.
Маншүк АЖЫХАНОВА, №3 МЕКТЕПТІҢ ХИМИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Эссе түрінде, өздерінің логикасын пайдалана отырып, түрлі тапсырымалар түрінде орындап келуге жекелеп тапсырма береміз. Сол арқылы сабақ өткізіп жатырмыз. Бірақ оқулықтың болмауы өте қиын. Себебі ең бірінші баланың алдындағы оқулық пен тақта ғой. Қазір тақтамыз қызмет етіп тұр да оны алып әрі қарай алып кетуге, баланың кішкене жүйелеп түсіріп отыруға ойларын оқулығымыздың жоғы өте қиын болып отыр.
Ал №30 мектеп-гимназия директорының айтуынша, олар бұл мәселені электронды оқулықтармен шешкен.
Гүлфия ЕСҚАЙЫРОВА, №30 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Сол электронды оқулықтармен Қолында гаджеті бар оқушылар планшет, смарт телефондар арқылы мәселені шешіп отыр. Бірақ осы бүгін-ертең 4,10 сынып оқушылары оқулықпен толықтай 100 пайыз қамтылады.
"Балалы үйдің ұрлығы жатпайды". Мұндағы 10 сыныпта бір де бір бала смартфонмен отырған жоқ. Электронды оқулықтар қолданбаған. Жаңартылған мазмұнның жауапкершілігін түсінген балалар да оқулықты асыға күтіп жүр.
Зарина АДИЛОВА, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
10 сыныппыз. Бізде биыл жаңа бағдарлама. Алда жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалаулар бар. Біз болсақ әлі ештеңе өткен жоқпыз. Бақылау жұмысы да жақындап келеді. Кітап жоқ. Ғаламтордан тауып, шығарамыз, жазамыз. Өте қиын.
Ал облыстың бас мұғалімі кітап жеткілікті, тек сәл күту керек деп отыр. Бар кінә оқулықтарды уақытында бермеген баспаларда екен.
Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:
Заң бойынша 1інші тамызға оқулықтардың бәрі басылымнан шығып, жергілікті жерге жетуі керек. Алайда басылымдар бірінші тамыз емес, тапсырысына байланысты, әртүрлі себептерге байланысты, 10-ынан кейін, 15, 16-сы, тамыздың 20-сына дейін әлі де болса, басылымдардан тию мәселесі болды. Сондықтан енді жол ұзақ. Бірақ айту керек, 30 тамызға дейін облысқа жетті.
10 сынып қана емес, 4, 9 сыныптағы оқушылар да биыл жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен білім алуы тиіс. Қазір барлығы 35 мыңдай бала кітапсыз оқып жатыр. Биыл аймақта оқулық басуға 2 млрд 700 млн теңге бөлінген. Қомақты қаржының көбі жаңартылған мазмұндағы кітаптарды шығаруға жұмсалып отыр.
Б. Нәдірқызы