Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Президенттен көмек сұрады. Зухра Сейтімова есірткі саудалады деген күдікпен Қытай түрмесіне тоғытылған қызының ісіне қатысты видео үндеу жолдаған. Онда Қазақстан тарапынан тиісті шаралардың жасалмай жатқанын айтады.
Зухра СЕЙТІМОВА, АҚЖАРҚЫН ТҰРЛЫБАЙДЫҢ АНАСЫ:
ЦАРИСК деген ұйым Ақжарқын Тұрлыбаева, менің қызымды нигериялық топтың, мафиялардың құрбаны болды деген мәлімдеме жасады. Бірақ Қазақстанның МВД-сі керекті мәлімдеме бермей отыр. Соған қарай бізге жұмыс істемей отыр.
Алайда, ішкі істер министрлігі Ақжарқынның ісіне қатысты ешбір комментарий берген жоқ. Қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткімен ұсталған еді. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған. 2015 жылы Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ақжарқын содан бері шетелдік танысына алданып қалғанын айтып, тағылған айыпты жоққа шығарып келеді. Ал осы қыркүйектің үшінде қылмыстық істі қайта қарау бойынша сот отырысы өтті. Ол кезде Қытай түрмесіне жабылған қазақстандық бойжеткеннің бүгінгі жағдайы айтылды.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫ:
Отырыс барысында қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық істің материалдары қаралды. Отырысқа қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы қатысты. Үкімнің жарияланатын күні әзірше белгісіз.
А. Мүтәлі